“Мінезі осындай“. Тоқаевтың сүйікті жылқысының күтімі қандай?

“Мінезі осындай“. Тоқаевтың сүйікті жылқысының күтімі қандай?


Tengrinews.kz тілшілері онда барып, әр жылқыны көріп, олардың қалай қоректенетінін, неге арнайы спа-процедуралар жасалатынын және көпшілікке танымал болған изабелла түстес биенің неге ең ерке екенін біліп қайтты.

Бізді ең бірінші болып Ганатлы есімді алтын түстес құла айғыр қарсы алды.

Президент Тоқаевтың тұлпары – Ганатлы айғыры. Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

Шоқтығы биік, сабырлы әрі адамға үйірсек бұл сәйгүлік қоршауға асықпай жақындап, қонақтарды мұқият барлап шықты. Фотографтардың объективінен еш жасқанатын емес.

Ганатлы айғыры жаттығу кезінде. Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

Бұл атқорада Ганатлы мен Мерварид есімді айғырлар, Табыс-Dacor және Армита-Мид атты асыл тұқымды биелер, сондай-ақ Ақжан мен Ақниет және Бөрте есімді құлындар мекендейді.

Анықтама: ақалтеке – әлемдегі ең көне мәдени жылқы тұқымдарының бірі, ол араб, ағылшынның таза қанды мініс аттары мен өзге де көптеген тұқымдардың қалыптасуына әсер еткен. Араб жылқысымен қатар таза қанды тұқымдар санатына жатады, себебі ол мініс атының эталоны болып саналады және 5000 жыл бойы басқа тұқымдармен будандастырылмаған. Қазіргі Түркменстан аумағында пайда болған, атауы Ахал алқабы мен оны өсірумен айналысқан түркменнің теке тайпасына байланысты қойылған. Мамандардың айтуынша, ақалтеке тұқымы – денесі шымыр, артық майы жоқ, өте төзімді жануар. Олар мініске жайлы, ат спортында, әсіресе ат баптау мен қашықтыққа шабуда кеңінен қолданылады. Жүніне тән ерекше жылтырымен, әсіресе ашық түстілерімен ерекшеленеді. Көз тартар сұлулығы мен төзімділігінен бөлек, бұл тұқым зеректігі және иесіне деген ерекше адалдығымен бағаланады. Дөрекілік пен немқұрайлылықты ақалтеке өзге жылқыларға қарағанда әлдеқайда ауыр қабылдайды.

Бұл атқораны мекендеушілер өзінше сұлу. Мінездері де әртүрлі. Бірі бейтаныс жандарды сабырмен қарсы алса, енді бірі алғашқы минуттан-ақ қасыңа келіп, назарыңды аударғысы келеді, ал үшіншілері сырттай ғана бақылап тұрады.