ТҰРҒЫНДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕСТЕР БЕРІЛДІ

 

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Айқын нәтиже» жобасы бойынша аудан тұрғындарына кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу.

Шара барысында жастар орталығының мамандары аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп халық көп шоғырланатын орындарда  тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Азаматтарға арнайы дайындалған жадынамалар таратылып, онда заң талаптары, құқықтық ақпараттар қамтылды. Атап айтқанда, интернет алаяқтықтан сақтану, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, сыбайлас жемқорлықтың және нашақорлықтың алдын алу,  азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде мәліметтер берілді.

Сонымен қатар, тұрғындарға күмәнді қоңыраулар мен жалған хабарламаларға сенбеу, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде кеңестер айтылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті екені түсіндіріліп, заңға бағынатын қоғам қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, құқықтық көмек пен кеңестер ұсынылды. Мұндай шаралар халық пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті арттыруға өз үлесін қосады.

«Айқын нәтиже» жобасы аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады.

Ж.Асқарқызы

Ырғыз аудандық жастар ресурстық орталығы