Қоғам бірлігінің ұйытқысы – ұлттық құрылтай

2026 жылғы 23 тамызда елімізде жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтетіні баршаға мәлім.
Ұлттық құрылтай – халықтың үніне құлақ асатын, елдік мәселелерді көпшілікпен ақылдаса отырып шешуге бағытталған маңызды қоғамдық алаң деп есептеймін. Ағымдағы жылы мемлекетіміздің қолға алып отырған саяси реформалары мен Конституцияға енгізілген өзгерістердің барлығы қоғамның сұранысына сай жүзеге асып жатқан игі қадамдар.
Дегенмен, “Бұл өзгерістер халыққа не береді, заңды жетілдірудің қандай артықшылықтары бар?” деген сауалдар әрқайсымызды мазалайтыны анық.
Конституция – қоғаммен бірге дамып, уақыт талабына сай жетіліп отыратын басты заң. Сондықтан оған енгізілген өзгерістерді еліміздің өркендеуіне бағытталған жауапты әрі батыл шешім ретінде қабылдаймын. Әсіресе мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар, Парламенттің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған реформалар азаматтардың сенімін арттырып, ел мен билік арасындағы байланысты нығайта түседі деп сенемін. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды бетбұрыс.
Мен ұстаз әрі аудандық Аналар кеңесінің төрайымы ретінде жас ұрпаққа елжандылықты, заңға құрметті және қоғамдық жауапкершілікті насихаттауды өзімнің басты міндетім санаймын. Бүгінгі реформалардың мәнін дұрыс түсініп, оларды қолдау – әрбір саналы азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Қазақстан Республикасының азаматы ретінде елімізде жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістерді толық қолдаймын. Әрбір реформа – мемлекеттің тұрақты дамуы мен халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бірлік пен өзара сенім бар жерде ғана мемлекет дамиды. Ұлттық құрылтай да осы мақсатқа қызмет ететін маңызды институт ретінде еліміздің жарқын болашағына жол аша беретініне сенімім мол.
Махаева Зәуреш Жәрдемқызы
Ырғыз аудандық Аналар кеңесінің төрағасы, ұстаз
