Қайтқан қаржыда қайыр бар…

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан балабақшаның құрылысы қалай жүргізіліп жатыр?

Жылқы жылында Ақтөбедегі құрылыс қарқыныерекше. Аумағы атшаптырым нысанның дені — мәдени-спорттық кешен, соның ішінде құлыншақтарға арналғаны да бар. Атқарушы билік биыл ұзын саны 35 нысанның құрылысы жүргізіліп, барлық қаржыландыру көзі есебінен аумағы 1 миллион 30 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын хабарлады. Іргетасы қаланып, салынып жатқан ғимараттардың облыс орталығындағы музыкалық-драма театры, футбол стадионы, әмбебап спорт кешені, оңалту орталығы, ерекше балаларға арналған балабақша сияқты әлеуметтік нысандарекенін атап өту керек.

Жыл соңына дейін соның қайсысы тұрғындар игілігіне тапсырылмақ? Бұл мақсатта қанша қаражат бөлінген? Құрылысшылардың өзі не дейді?

Үш қаражат көзі. Бір мүдде

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, осы жылы құрылысы жүргізіліп жатқан 35 нысан мен 15 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 45 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде облыс бюджетінен 27 миллиард теңге, арнаулы мемлекеттік қордан 10 миллиард теңге, сондай-ақ Президент резервінен 8 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты. Атап айтсақ, білім— 16, денсаулық сақтау — 4, спорт — 5, мәдениет — 1, әлеуметтік қамсыздандыру — 3, төтенше жағдай және жұмылдыру дайындығы — 3, мемлекеттік органдар объектілерін дамыту — 2, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау объектілерін дамыту салаларында 1 нысан тұрғызылып жатыр.

— Білім беру саласында 16 нысанның құрылыс-монтаж жұмысына және 3

жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 4,6 миллиард теңге бөлінді. Былтырдан қалған 14 нысан бар. Биыл 1 жаңа нысан және Оймауыт мектеп-балабақшасының құжаттамасы түзетуден өтіп, құрылыс жанданды.

Сондай-ақ, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары жалпы сыйымдылығы 11 400 орындық 14 мектептің құрылысы жүргізілді. Соның ішінде 2024 жылы 2 мектеп, ал 2025 жылы 7 мектеп пайдалануға берісе, тағы 5 мектепте құрылыс-монтаж жұмысы аяқталды.

Қазіргі таңда 9 мектеп білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия алып, оқу процесін бастады. Қалған нысандарды коммуналдық меншікке қабылдау және қажетті рәсімдерді аяқтау белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр, — дейді ол.

Ірі жобалардың қатарында өткен күзде тұрғызыла бастаған Ақтөбе қаласындағы музыкалық-драма театры бар. 700 орынға шақталған ғимарат жалпы аумағы 5,7 гектар жер телімін алып жатыр. Жобаның жалпы құны — 31,8 миллиард теңге. Сол сияқты футбол сүйер қауым асыға күтіп жүрген стадионның құрылысы қарқын алды. 35 мың көрермен сыятын ірі нысанға 25 гектар аумақ берілген.

5 мың орындық әмбебап спорт кешені, 150 адам бір мезгілде ем қабылдай алатын оңалту орталығының да құрылысы жалғасып жатыр.

Жыл соңына дейін есігін айқара ашқалы отырған Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларға арналған балабақша — әлеуметтік маңызы зор нысанның бірі. 300 балдырған күндіз ем алып әрі демалатын мекеме ғимаратының құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүргізілу үстінде. Әртүрлі даму ерекшеліктері бар ұл-қыздар топқа бөлініп, яғни нақты диагнозына қарай қабылданатын мектепке дейінгі білім беру орталығының қазығы 2025 жылдың сәуір айында қағылды.

— Бұл нысандардың әрқайсысы — облысымыздың тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Барлығының талапқа сай болуын біздің басқармадан бастап прокуратура сияқты құзырлы органдар жіті қадағалап отыр.  Өйткені әр ғимараттың, қай жағынан болсын, өңірдің дамуына қосар мәні зор, — дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары.