Білім басқармасының басшысы жұмыс сапарымен Ырғыз ауданына келді

Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева білім беру инфрақұрылымының жай-күйімен және саладағы негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында ол Кұмтоғай орта жалпы білім беретін мектебіне, көркемсурет мектебіне және Ырғыз гимназиясына барды. Әр білім беру ұйымында Бұлбұл Күзембаева оқу үдерісінің ұйымдастырылуын бағалап, кабинеттер мен оқу бөлмелерін аралап көрді, сондай-ақ білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеу үшін жасалған жағдайларға назар аударды.
Жаңа нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлінді: басқарма басшысы Қалыбай негізгі орта мектебінде болып, құрылыс жұмыстарының барысымен, орындалған жұмыстардың сапасымен және белгіленген мерзімдердің сақталуымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша, өткен жылы ауданда білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгені атап өтілді. 2025 жылы алты мектеп заманауи пәндік кабинеттермен толық жабдықталды, сондай-ақ Қарасай және Қарақұдық бастауыш мектептерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына заманауи әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында Бұлбұл Күзембаева Ырғыз ауданының білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Кеңеске мектеп директорлары, мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері, қосымша білім беру ұйымдарының жетекшілері және аудандық білім бөлімінің мамандары қатысты.
Кездесу барысында білім сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және ауданның білім беру жүйесін одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, ауданның педагогикалық қауымдастығына Ырғыз аудандық білім бөлімінің жаңа басшысы таныстырылды. Ырғыз ауданының білім бөлімінің басшысы қызметіне Мырзағали Қасымжомарт Жеңісбекұлы тағайындалды. Қасымжомарт Жеңісбекұлы Ырғыз ауданында дүниеге келген.
2021 жылы Сақтаған Бәйішев университетін “Құқық және экономика негіздері” мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын 2021 жылы Ырғыз ауданының білім бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2022-2024 жылдар аралығында Мұғалжар ауданының білім бөлімінде бас маман қызметін атқарған. 2024 жылдан бастап тағайындалғанға дейін Хромтау ауданының білім бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
Кездесу қорытындысы бойынша білім алушылар мен педагогтерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Арайлым Қасым




