Әлеуметтік төлемдер өзгеріп, зейнетақы мөлшері артты

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы мөлшері артты.

Биылдан бастап негізгі әлеуметтік көрсеткіштердің барлығы жаңартылған.

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып белгіленді. Ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгеге жетті. Ал базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болып бекітілді. Жалақының ең төменгі мөлшері де 85 мың теңгеге өсті.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы 10 пайызға артты. Осы күннен бастап жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс 55 айлық есептік көрсеткішке немесе 237 875 теңгеге жетті.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де өзгерді. Әлеуметтік кодекстің 205-бабына сәйкес ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Яғни зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз немесе мүлде болмаған жағдайда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде тағайындалады. Ал 10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін төлем 2 пайыз артып, ең көбі күнкөріс деңгейінің 118 пайызына дейін жетеді. Қазіргі есеп бойынша базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 593 теңге болса, ең жоғарғысы — 60 005 теңге. Бұл тәртіп 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан азаматтарға қолданылады.

Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері көбейді. Оның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдарға төленетін жәрдемақылар да ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 851 теңгеге өсуіне байланысты қайта есептеледі.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер де назардан тыс қалған жоқ. Үкіметтің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1089 қаулысына сәйкес бұл төлемдер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 пайызға көбейтіледі. Сонымен қатар бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті зейнетақы жарналарын ескере отырып есептеліп, бала туу кезектілігіне қарай белгіленген жәрдемақы мөлшерінен кем болмайды.

Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне сәйкес артты.

Айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына байланысты бірқатар өзге де төлемдер көбейеді. Олардың қатарында №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, жерлеуге берілетін біржолғы төлем, бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдерге міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау бар.