СЕРПІН БЕРЕР СЕНІМДІ ЖОБА

Жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев ел қуанарлық қуанышты хабар жеткізді. Ол – қаншама жылдардан бері айтылып келе жатқан Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізіне шығатын автожол желісін салу. Бұл жоба біздің атамекен Ырғыз елінің халқын қуантып тастады.

Еліміз үшін экономикалық перспективасы жоғары жоба бұрыннан да айтылып, жоғарыға хат-сауалдар да жолданып жүр. Маңызы басым бұл істің жүзеге асуына Ырғыздан біраз адам мүдделі болған екен. Соның нәтижелері болар, өткен құрылтайда мемлекет басшысының өзі нақты нүктесін қойды. Сақталған құжаттар мен архивтерді ақтара отырып, кейінге сәл шегініс жасап, құжаттарды сөйлетсем…

Мысалы, 1999 жылдың 22 қазанында шыққан «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті санында Ырғыз елінің перзенті, аузы дуалы, сөзі дәйекті біртуар тұлға марқұм Жебеген Омарұлы ағамыздың Ырғыз елінің еңбек және соғыс ардагерлері атынан 89 адам қол қойған «Қиындатпай-ақ шешуге болады ғой…» деген ұсыныс-хаты жарияланған екен. Нақты дәлелдермен тайға таңба басқандай жазылған ұсыныс осыдан 25 жылдан астам уақыт өтсе де өз күшін жоймағаны көрініп тұр…

Ал, 2023 жылдың 29 маусымында Астана қаласында өткен AMANAT партиясының «Республикалық мәслихат депутаттарының форумында» мен Ырғыз аудандық мәслихатының депутаты ретінде осы жол мәселесін тұрғындардың өтініш тілегіне орай жеткізген едім. Сол жылдың  3 қарашасында партияның атқарушы хатшысы Д.Кәрібектен менің атыма жоғары құжатта көрсетілгендей ризашылық жауап келді. Мұны мен мақтан ретінде емес, жай ғана қозғау салып, бір септігімнің аз да болса тигені деп түсінемін.

Жалпы, болашаққа серпін беретін, жол бойындағы аудан, ауылдардың дамуына қан жүгіртетін күре жолдың пайдасы зор болмақ. Қолдауға тұрар жобаның сәтімен аяқталып, халық игілігіне жарағанын қалаймын.

 

Құралай БЕРЕКЕШ, Ырғыз аудандық

мәслихатының депутаты, кәсіпкер,  

аудандық іскер әйелдер

қауымдастығының төрағасы.