Домбыра – халықтың үні, ұрпаққа аманат

Арайлым Қасым
@araikassym

Шілденің алғашқы жексенбісі – қазақ үшін ерекше күн. Бұл күнді Қазақстан 2018 жылдан бастап Ұлттық домбыра күні ретінде тойлап келеді. Домбыраны дәріптеу – тек бір аспапты ұлықтау емес, тұтас ұлттың рухын, болмысын және өнерін тірілту.

Домбыра – ұлттың коды. Домбыра – халқымыздың көне шежіресі мен тектілігінің куәсі. Ол тек музыкалық аспап қана емес, ертеден келе жатқан рухани мұраның, жыраулық дәстүр мен күй өнерінің өзегі. Түркі дәуірінен тамыр тартатын домбыра күйлері арқылы қазақ шежіресі буыннан буынға ауысып отырды.

Археологтар мен өнертанушылардың айтуынша, домбыра тәрізді аспаптардың суреттері Батыс Қазақстан мен Маңғыстау өңіріндегі жартас беттерінен табылған. Бұл оның тарихы 4 мың жылға жуық екенін көрсетеді.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде орналасқан Ырғыз ауданы– жыраулық пен күйшілік дәстүрдің қазынасы. Бұл топырақтан талай күйші, жыршы, әнші шыққан. Балтұрсын Сарыбаева — белгілі күйші Дина Нұрпейісова сынды, сахнаға аппақ кимешекпен шығып, күй төгілткен аяулы аналарымыздың бірі. Балтұрсын Сарыбаева 1906 жылы Ырғыз ауданының Ақши ауылында туып, 1967 жылы дүниеден өткен. Өмірінің соңғы жылдарында облыс орталығында тұрған.
Бүгінде бұл дәстүрді жалғап келе жатқан жастар бар.

Домбыра бүгінде тек ауыл сахнасында ғана емес, әлеуметтік желілер мен халықаралық платформаларда кеңінен таралып жатыр. TikTok пен YouTube желісінде домбырамен заманауи әуендерді орындау – жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Домбыра – баба аманаты. Ол – жыраудың сөзі, күйші шерткен тағдыр, ананың әлдиі. Осы аманатты жоғалтпай, ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі елдің басты міндеті.

Ұлттық Домбыра күні – жай ғана мереке емес. Бұл – ұрпақ пен ұлттың үнін тірілту күні. Ырғыздай өнердің киелі бесігі барда, бұл үн ешқашан өшпек емес.