Құрылтай сайлауы – 2026

Биыл 23 тамызда Қазақстан саяси жүйедегі маңызды белестің біріне қадам басады. Бұл күні жаңа Конституция талаптарына сәйкес Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Аталған науқанның ерекшелігі – оның нәтижесінде еліміздің жаңа жоғары өкілді органы қалыптасады.
Конституциялық өзгерістерге сәйкес бұған дейінгі екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылады. Оның құрамына партиялық тізімдер арқылы сайланған депутаттар бес жыл бойы заң шығару қызметін атқарып, мемлекет дамуына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауға қатысады.
«Құрылтай» атауы халқымыздың терең тарихи мұрасымен үндеседі. Кезінде құрылтайларда ел бірлігіне, мемлекеттің болашағына қатысты түйткілді мәселелер талқыланып, ортақ мәмілеге келінетін. Бүгінде осы тарихи ұғым жаңа саяси институттың атауы ретінде ұлттық дәстүр мен қазіргі мемлекеттік басқарудың сабақтастығын білдіреді.
Алдағы сайлау – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғырудың маңызды бөлігі. Реформалардың негізгі мақсаты – заң шығару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейту.
Сайлау – ең алдымен азаматтың еркін таңдау жасау құқығы. Әрбір сайлаушы өз ұстанымына сай саяси күшті қолдау немесе сайлауға қатысу мәселесін ешқандай ықпалсыз өзі шешеді. Сондықтан дауыс берудің құпиялығы мен сайлау рәсімдерінің ашықтығы ерекше маңызға ие.
Құрылтай сайлауы – тек дауыс беру ғана емес, ортақ мақсат пен жарқын келешекке деген жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір дауыс – еліміздің дамуына, білімнің, бірліктің және игі бастамалардың нығаюына қосылған маңызды үлес.

Нұрбек Ақылбеков
Қоғам белсендісі