Сайлаушыларға барлық жағдай жасалады

Биыл 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді. Осыған орай облыста 14 аумақтық және 525 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия құрамында 3 557 мүше бар. Оның 98-і — аумақтық, 3 459 — учаскелік сайлау комиссияның мүшесі.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, сайлау заңнамасына сәйкес аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан жері, құрамы, жұмыс кестесі және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар баспа басылымдарында жарияланған. Сондай-ақ облыстың, қаланың және аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында орналастырылған.
Сайлаушылардың тізімін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды.
— Сайлаушылар тізіміне он сегiз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі. Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне жергілікті атқарушы органға берген өз өтініштері негізінде дауыс беру күнінен отыз күн кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізіледі. Әкімдік азаматтарды дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады. Кез келген тұрғын бір ғана сайлаушылар тізіміне ене алады, — дейді ол.
Құрылтай депутаттарын сайлауға сайлаушылардың тізімі Орталық сайлау комиссиясы бекіткен алгоритмге сәйкес қалыптастырылуда. Сайлаушылардың нақты тізімі 1 тамызда анықталады.
Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, бүгінде сайлау комиссиясы мүшелерін оқытуға ерекше назар аударылуда. Оқыту каскадтық принцип бойынша жүргізіледі. Алдымен аумақтық, одан кейін учаскелік комиссия мүшелері оқытылады. Сондай-ақ басқа қатысушылар үшін оқыту басталады. Саяси партиялар мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары үшін семинарлар өткізу жоспарлануда. Оларға сайлау науқаны кезінде және сайлау күні жұмыс істеу тәртібі туралы нұсқаулық беріледі.
— Облыс бойынша жұмыс істейтін «109» байланыс орталығының қызметкерлері де оқытылды. Оларға тұрғындардың нақты ақпарат алуын қамтамасыз ету үшін сайлау процесі бойынша түсініктеме берілді. Оқытудың тағы бір бағыты — мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Облыста 2 715 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 1 127-сі арба пайдаланса, 735-сі — есту қабілеті төмен азамат. Ал 853-і — көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адам. Жалпы, облыста мүгедектігі бар адамдарға 332 сайлау учаскесі қолжетімді, — дейді комиссия төрағасы.
Сайлау өтетін барлық сайлау учаскесі әртүрлі санаттағы азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бейімделген. Олар ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан және пандустармен, тактильді белгілермен жабдықталған. Сайлау учаскелерінде дауыс беру кабиналары, мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар, компьютерлер, құлаққаптар және үлкейткіш құрылғылар бар.
Бүгінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 4 қоғамдық бірлестікті аккредиттеді.
Учаскелік сайлау комиссиялары 3 тамыздан бастап жұмысқа кіріседі. Ал 7 тамыздан бастап сайлаушыларға тиісті әкімдіктің интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі. Сайлаушыларға қолайлы болуы үшін электрондық сервистер арқылы сайлау учаскесі туралы хабарландыру да ұйымдастырылады.

Өз тілшіміз