Интернет алаяқтарынан қалай қорғанамыз?

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы күнделікті өмірді жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын қылмыстардың да көбеюіне жол ашты. Бүгінде алаяқтық – қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық – алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін не мүлікке құқықты заңсыз иемдену.
Қазіргі таңда интернет алаяқтарының ең кең тараған тәсілдерінің бірі – фишинг. Бұл әдіс арқылы қаскөйлер жалған сайттар мен сілтемелерді пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін немесе құпия сөздерін қолға түсіреді. Кейін бұл ақпарат заңсыз қаржылық операциялар жасауға пайдаланылады.
Осындай қауіптердің алдын алу үшін азаматтар интернетте сақтық шараларын қатаң ұстануы қажет. Ең алдымен, әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы келген күмәнді сілтемелерді ашпас бұрын оның мекенжайын мұқият тексерген жөн. Танымал ұйымдардың немесе компаниялардың атауы әдейі өзгертіліп, артық әріп не таңба қосылуы мүмкін.
Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жеке парақшалардың құпиялық баптауларын реттеп, жеке байланыс деректерін көпшілікке қолжетімді етпеу ұсынылады. Қажет болған жағдайда жұмысқа арналған және жеке пайдаланатын телефон нөмірлерін бөлек қолданған дұрыс.
Интернеттегі жеке аккаунттарды қорғау үшін күрделі құпиясөздерді пайдаланып, көп факторлы аутентификацияны қосу маңызды. Сонымен қатар браузерде немесе мобильді құрылғыларда пайда болатын күмәнді хабарламалар мен ескертулерге сақтықпен қарау қажет.
Ешбір жағдайда банк картасының нөмірін, оның сыртқы жағындағы үш таңбалы CVV/CVC-кодты, сондай-ақ банк жіберетін SMS-кодтарды бөгде адамдарға айтуға немесе жіберуге болмайды. Ашық қоғамдық Wi-Fi желілерін пайдаланған кезде де жеке мәліметтерді енгізуден бас тартқан жөн.
Соңғы уақытта WhatsApp мессенджері арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер де жиілеп отыр. Қаскөйлер әртүрлі сілтемелер жіберіп немесе аккаунтты растау кодын сұрау арқылы пайдаланушының жеке парақшасын иемденуге әрекет етеді. Сондықтан белгісіз адамдардан келген хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу және ешкімге растау кодтарын жібермеу қажет.
Тағы бір кең таралған қауіп – жасырын ақылы жазылымдар. Кейбір сайттар мен қосымшалар пайдаланушының байқамай келісім беруіне жағдай жасап, кейін оның банк шотынан тұрақты түрде қаражат ұстап қалуы мүмкін. Сондықтан кез келген қызметке тіркелер алдында ұсынылған шарттарды мұқият оқып шығу маңызды.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтық та өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алаяқтар өздерін полиция қызметкері, банк маманы немесе туыстарыңыздың атынан хабарласып, ақша аударуды немесе жеке мәліметтерді беруді талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайда асығыс шешім қабылдамай, ақпараттың дұрыстығын міндетті түрде тексерген жөн. Егер күмән туындаса, әңгімені тоқтатып, ресми мекемеге немесе жақыныңызға өзіңіз қайта хабарласқан дұрыс.
Сондай-ақ белгісіз нөмірден келген SMS-хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге және күмәнді файлдарды жүктемеуге кеңес беріледі. Мұндай әрекеттердің салдарынан құрылғыға зиянды бағдарлама орнатылып, жеке деректердің үшінші тұлғалардың қолына түсу қаупі бар.
Ырғыз аудандық полиция бөлімі азаматтарды қырағы болуға шақырады. Жеке деректерді, жеке куәлік мәліметтерін, банк карталары туралы ақпаратты бөтен адамдарға бермеу, тексерілмеген тұлғаларға ақша аудармау және күмәнді жағдай туындаған жағдайда дереу полицияның 102 арнасына немесе жақын жердегі полиция бөліміне жүгіну қажет.
Сақтық – алаяқтардың құрбаны болмаудың ең тиімді жолы. Интернетте де, телефон арқылы сөйлескенде де жеке мәліметтеріңізді қорғап, әрбір әрекетті мұқият тексеруді әдетке айналдырыңыз.
“Ырғыз” ақпарат