Кітап – рухани қазына: Қалыбайда өткен ерекше сайыс

23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні аясында Қалыбай ауылында тағылымды да тартымды шара өтті. Қалыбай ауылдық кітапханасы мен Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен ұйымдастырылған «Оқы. Ойлан. Өзгер» атты әдеби-интеллектуалды сайыс жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, кітап оқуға деген қызығушылығын оятуды мақсат етті.
Сайысқа «Ой кемесі», «Сөз зергерлері», «Әдебиет аңшылары», «Парасат патшалығы», «Қиял қанаты» атты бес команда қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар «Таңдау алаңы», «Суреттер сөйлейді», «Қорытынды кезең» бағыттары бойынша түрлі тапсырмаларды орындап, білімдерін, тапқырлықтарын және шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Әр кезең тартысқа толы өтіп, командалардың дайындығы мен ізденісі анық байқалды.
Сайыс қорытындысын шығарған әділқазылар алқасының төрағасы – Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Ә. Таубатыров, сондай-ақ әдіскер А. Нұрмаханова және Жастар ресурстық орталығының маманы А. Сәндіғалиқызы қатысушыларды мерекемен құттықтап, олардың белсенділігіне жоғары баға берді.
Нәтижесінде, І орынды «Қиял қанаты» командасы иеленсе, ІІ орын «Әдебиет аңшылары» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды «Сөз зергерлері» командасы қанжығасына байлады. Қалған қатысушы командалар да назардан тыс қалмай, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Аталған шара – жастардың рухани дамуына серпін беріп, кітаптың қоғамдағы маңызын дәріптеген мазмұнды кездесу болды. Кітап – білімнің қайнар көзі екенін тағы бір мәрте дәлелдеген бұл сайыс қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.




