Жүректен туған жыр: Ырғызда жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай Ырғыз аудандық орталық кітапханасы мен Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен тағылымды әдеби кеш ұйымдастырылды. Бұл күні Ырғыз өңірінің перзенті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторының орынбасары Данагүл Қазиханның «Жүрек сыры» атты тұңғыш жыр жинағының таныстырылымы өтті.

Рухани шараны Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев ашып, авторға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Ол өз сөзінде жерлес ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, алдағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Кеш барысында сөз алған Қази Баймағанбетова, Рахымжан Өтеміс, Серғали Қоблашев, Дархан Мектепбай ақынға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, оның шығармашылығына ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ Ырғыз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Кенжебек Қожамбердиев, «Арай» мәдениет үйінің директоры Айымгүл Оразымбетова, Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Әлібек Таубатыров сөз сөйлеп, Данагүл Қазиханның туған жердің мақтанышы екенін атап өтті.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – ақынның балалық шағына қатысты естеліктер болды. Б. Алманов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Нұргүл Қалмағанбетова мен ұстазы Ғазиза Мұқтарова жас таланттың алғашқы қадамдары туралы айтып, оның әдебиетке деген құштарлығы ерте байқалғанын жеткізді. Сонымен қатар, сыныптастары да қызықты естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында кітапхана оқырмандары Әсемназ Жасұланқызы, Аяна Тұрсынбек, Айзере Нұрбергенқызы, Әмира Шамиль, Раяна Байбөре, Тахмина Бөрібай, Абдуғаппар Жағыппар ақынның жырларын мәнерлеп оқып, кештің көркін аша түсті. Кешті кітапханашы Сәулет Мирон жүргізді.

Әдеби кеш соңында Данагүл Қазихан туған жеріндегі аға-апаларына, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, «Ырғыз» атты жырын тарту етті.

Аталған шара – туған жерден түлеп ұшқан талантты тұлғаның шығармашылығын ұлықтап, жас ұрпаққа рухани бағыт-бағдар берген мазмұнды кездесу болды.