Жүрек үнін Тепсеңге арнаған

94 жылдық ғұмыры – тек сан емес, саналы өмірдің шежіресі. Өнегелі ғұмырын елге қызмет етуге арнаған, жаны жайсаң, жүрегі мейірімге толы, сөзі – салмақ, ісі – үлгі болған ардақты әкеміз, ұлағатты ұстаз, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен, өшпес өнеге қалдырған, сөзімен, білімімен қызмет еткен, ғылым жолында өшпес із қалдырған абзал азамат, асыл әке, мейірімді ата — Жолдасов Кәдірбай Жолдасұлы бақилық сапарға аттанғанына жылдан асты.
Атамыз — адал еңбегімен, парасатты болмысымен, елге жасаған жақсылығымен көпке үлгі болған азамат еді. Ұрпағына ізгі тәрбие, адалдық пен еңбекқорлықтың жолын көрсетіп кетті. Жарқын бейнесі, айтқан нақыл сөздері, мейірімі — мәңгі жадымызда.
Кәдірбай Жолдасұлы 1929 жылдың 5 қазанында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тепсең ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, алғыр, еңбекқор болып өскен ол елдің үмітін ақтап, 1949 жылы Ырғыздағы Сталин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Сол жылы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетіне қабылданып, өз өмірін білім мен ғылымға арнау жолын таңдады. Жоғары білім алып шыққан соң, қарапайым мұғалімдіктен бастап, білім беру саласының түрлі сатыларында аянбай еңбек етті. Одан кейінгі жылдары Қарабұтақ аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Ақтөбе облыстық партия комитетінің лекторы қызметін атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласты.
1963 жылдан бастап партия саласында Қарабұтақ аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1966–1976 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінде лектор қызметін атқарды. Ұлағатты ұстаз, білікті ғалым ретінде ұстаздық пен партиялық қызметтің биігінен көрінді. Ғылым жолындағы ізденістері 1983 жылы тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғауға алып келді. 1986 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы комиссия шешімімен доцент атағына ие болды.
Содан кейінгі өмірі — білім мен тәрбиенің, қоғамдық қызметтің, адал еңбектің жарқын үлгісі. Мұғалім, инспектор, партия қызметкері, ғылыми қызметкер, жоғары оқу орындарының оқытушысы — бәрі де бір ғана мақсатқа: елге, ұрпаққа қызмет етуге бағытталған еді.
1976–1991 жылдары қазіргі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің (ол кезде Ақтөбе медицина институты) философия және тарих кафедрасында ұстаздық етті. Өмірін арнаған осы білім ордасында ұлағатты ұстаз ретінде үлкен құрметке ие болды. Сол жылдары жүздеген студентке тәлім беріп, тарихқа, парасат пен пайымға баулыды. Одан кейін де педагогикалық бағыттағы бірнеше жоғары оқу орнында еңбек жолын жалғастырып, білімі мен білігін ұрпақ тәрбиесіне арнады. Кәдірбай Жолдасұлы саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз ретінде, зейнетке шыққан соң да назардан тыс қалмады.
Кәдірбай Жолдасұлы Ақтөбе педагогикалық институтында, Батыс Қазақстан Заң институтында, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде де жемісті еңбек етіп, бірнеше буынға тарих пен адамгершіліктің өнегесін дарытты. Кәсіби білімі мен адами болмысы қатар өрілген Кәдірбай Жолдасұлы университет ұжымының ерекше сый-құрметіне ие болды. Зейнеткерлікке шықса да, университет ұжымы ұмытқан емес. Еңбегін жоғары бағалаған Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің кәсіподақ ұйымы ардагер ұстаздың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, оны әрдайым қадір тұтты. Университеттің ардагер ұстазы ретінде мерекелер мен атаулы күндерде үнемі назарда ұстап, арнайы құттықтаулар мен сый-құрмет көрсетіп отырды. Әсіресе, «Қарттар күні» қарсаңында жылы лебіздерін білдіріп, шынайы ықылас пен ілтипат танытатын. Сонымен қатар, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің басшылығы мен ұжымы ардагер ұстаз ретінде Кәдірбай Жолдасұлының еңбегін ерекше бағалап, әрдайым құрмет көрсетіп отырды. Бұл – ұстаз еңбегіне деген шынайы құрметтің айғағы, ұстаз еңбегіне деген шексіз алғыс пен адалдықтың белгісі еді. Бұл – тек құрмет емес, бұл — ұрпақтар сабақтастығына, ұстаз еңбегіне деген шынайы алғыс пен адалдықтың көрінісі. Осындай ықыласқа бөленіп, өмірінің соңына дейін өзі сүйген ұжымымен байланысын үзбей өткен Кәдірбай Жолдасұлы – шын мәнінде ел қадірлеген, ұжымы үлгі тұтқан азамат болды.
Өмірінің әр кезеңінде сабырлы қалпынан таймай, биік адамгершілік пен парасаттылықты ту еткен абзал жанның жүрегінде Тепсең атты туған жерінің орны ерекше еді. Сол қасиетті топыраққа деген сағынышын өлеңмен өріп, жүрек тереңінен шыққан сырын жыр жолдарымен жеткізе білді.
94 жылдық ғибратты ғұмыр — тек сан ғана емес, тұтас ұрпаққа үлгі болар өмір мектебі. Ол кісі өмір бойы елге қызмет етуді парыз санады. Білім беріп қана қоймай, шын мәнінде жүрекке біліммен қатар ізгілік егуді мұрат етті. Білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп, бірнеше ғылыми мақалалар мен еңбектер жариялады.
Ұстаздық пен ғалымдық жолында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, артында өнегелі ұрпақ қалдырды. Ата-баба дәстүрін ардақ тұтқан атамыз отбасы мен ұрпағын тәрбиелеуде де парасаттылық танытты. Немерелеріне тәлімді тәрбие беріп, ерекше ықыласпен өсіріп, олардың бойына білім мен тәртіпті қатар сіңіріп өсірді. Ұрпақ тәрбиесіне аса зор мән берген жан. Тек біліммен ғана емес, өнегемен, адами биік қасиеттермен немерелерінің бойына ізгілік дарыта білді. Сол асыл тәрбиенің нақты көрінісі үлкен немересі Мирас – елордадағы беделді университетті сәтті аяқтап, бірнеше тілді меңгерген, заманауи көзқарасты білімді жас ретінде атасының үмітін ақтап, болашағынан зор үміт күттіретін жас маман. Немересі Наргиз – үздік бағаларымен көзге түсіп жүрген екінші курс студенті. Атасының өнегелі тәрбиесі мен рухани ізі Наргиздің бойынан да анық байқалады. Білімге деген құштарлық, еңбекқорлық пен табандылық Әлімжанның бойынан анық байқалады. Әлімжан — кішкентай кезінен-ақ зеректігімен, алғырлығымен көзге түсіп, түрлі республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындар алып жүрген, ел үмітін арқалаған талапты жас. Олардық әрбір жетістіктері атасының сенімді тәрбиесінің, ұрпағына сіңірген рухани мұрасының көрінісі.
Саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған ардақты жан туған елі – Тепсеңді ерекше сүйіп өтті. Сол туған топырағына арнап тебірене жазған өлеңі бүгінде жүректерге жол табады. Ел-жұрты, туған топырағы – Тепсең туралы тебірене жыр жазып, оны жүрек төрінде мәңгі сақтап өтті. Кәдірбай Жолдасұлының жүрегінде туған жері — Тепсең ерекше орын алатын. Сол қасиетті топыраққа деген сағынышын жүректен шыққан жыр жолдарымен өрнектеп кеткен. Туған жері — Тепсеңге деген сағынышын да жүрек түбінен жыр етіп шығарып, мынадай өлең жолдарымен өрнектеген:
Туған жер – Тепсеңім (К.Жолдасов 2020)
О Тепсеңім Тепсеңім
Бергенім маған көп сенің
Аман-сау қазір жүргенім
Арқасы ғой тек сенің
Туғаннан бастап анамнан
Бәрін алдым далаңнан
Аямадың барыңды
Баурыңда өскен балаңнан
Қазақы үйде қараңғы
Өмірге келіп таң алды
Кенейтіп өкпе жұттым мен
Ертеңгі таза ауаңды
Іштім мен мөлдір суыңды
Суыңмен денем жазылды
Шипасы болар сол судың
Жүргенім аман бүгінгі
Күніңнен алдым ыстығын
Жазда кештім ыссы құм
Шынықтырды денемді
Сенің берген ыстығың
Ойнадым қыста қарыңда
Асықпай үйге баруға
Себепкер болды суығың
Аурудың алдын алуда
Көк жуаң өскен кұмыңда
Иісі әлі мұрында
Тұрғызатын жатқанды
Салқын тиіп буынға
Құмыңда өсті сағыз көп
Жететін етіп бір қысқа
Жинап күзде алушы ек
Тісті тазартамыз деп
Порошок, паста дегенің
келген жоқ еді тұрмысқа
Табиғаттың бергенін
Пайдаландық тұрмысқа
Емшілік қызмет атқардың
Көлбақаң жүзген суыңда
Жасадым талай жерұйық
Құласам сеніп ырымға
Сен үйреттің балаңды
Өмірге оймен қарауды
Білуге жақсы-жаманды
Сезуге адал арамды
Салт-дәстүрді бұрыңғы
Алдынан қонақ шығуды
Түсіріп алып атынан
Ертіп үйге кіруді
Шешіндіріп киімін
Керегеге ілуді
Міңгізіп әкем тайыма
Өрістен айдап келуге
Жіберетін малына
Құлынды байлап желіге
Қозы-лақты көгендеп
Үйрендім малдын жайында
Мектепте, сенде ашылған
Үйрендім оқып жазуға
Үйреттің сен жасымнан
Инемен құдық қазуға
Оқыған жылдар бойына
Атандым «Озат оқушы»
Кітапты түскен қолыма
Қалдырмай едім оқушы
Жеті батыр жырының
Оқылмай бірі қалмады
Тыңдайтын кеште жиылып
Көрші-көлем маңдағы
Бұл жолда талай терледім
Кеткен жоқ босқа бергенің
есесімен қайтты
Қиындықтар көргенім
Рахмет туған Тепсеңім
Осылардың бәрі де
Арқасында тек сенің
Отанға жау тигенде
Шекара бұзып кіргенде
Бұйырда сен қалмадың
Көрдің соғыс зардабын
Ұлдарың кетіп майданға
Әйел бала қалғанын
Көтерегенін солардың
Шаруасының салмағын
Жеңіс үшін, ел үшін
Майданға бердің барыңды
Тізіммен бізге таратып
Ауысып қалғандарыңды
Азғана мал сенде бар
Шамалы астық сенде өскен
Арқасында шықтық қой
Ашаршылық көрместен
Жемісін көріп Жеңістің
Толтырып орнын кемістің
Жақсартамыз енді деп
Бейнесін туған қоныстың
Жобасында мол істің
Шешімімен биліктің
Қалдың туып өскен жер
Шуаштан шыққан түндіктің
Бірлесіп өмір кешке жер
Отбасын құрып әкеміз
Келін боп шешем түскен жер
Қаны тамған кіндіктің
Жүруге тұсау кескен жер
Шөбі түйгін суы бал
далада астық, аула мал
Құтты қоныс болған жер
Аталарым да, әкем де
Топырағыңды жамылып
Ұйықтап мәңгі қалған жер
Сонан кейін Тепсеңім
Іздеп сені бармадым
Бір ғана көру тек сені
Жүрсе де болып арманым
Қысады жиі өкпені
Күнәмнің ауыр салмағы
Кешіре гөр кеш мені
Ата-мекен тепсеңім
Ұмыта алман еш сені
Бергенің маған көп сенің
Кеш жақсы деген ештен де
Жетпіс жыл уақт өткенде
Келуім туған тепсеңге
Тоқсаннан жасым кеткенде
Келіп тұрмын көруге
Бас иіп сәлем беруге
Киелі мекен өзіме
Ыстықсың кеткен көзіме
Сенші, айтқан сөзіме
Түр екенсің Тепсеңім
Бұрынғың жоқ тек сенің
Көрініп тұр жетім боп
Жетпіс жыл өмір кешкенің
Сендегі қайда қыстаулар
Қайда менің мектебім
Өзімде сезген едім-ау
Жер болып олар кеткенін
Ағызып көзден жасымды
Қараймын ата мекенге
Тигізсем жерге басымды
Жарарма борыш өтеуге
Кешірім сұрап келген бұл
Өзіңнің Кәдірбайыңмын
Келмедің деп ұзақ жыл
Екі бетті қызартып
Сөксеңде мен дайынмын
Етбетімнен жатқызып
Тепсең де мен дайынмын
Қолыңа алып қамшыңды
Ұрсаң да мен дайынмын
Бір талдап ақ шашымды
Жұлсаң да мен дайынмын
Өйткені сені сағындым
Құшақтап сүйіп жерімді
Тарқатайыншы шерімді
Шүкірлік етем Аллаға
Жеткізген сені көруді
Жаны жайсаң, сөзі – үлгі, ісі – өнеге болған Атамыздың жарқын бейнесі, ақыл-кеңесі мен өмірлік ұстанымдары артында қалған ұрпағына — мәңгілік мұра, қалдырған ізі ұрпағының жүрегінде мәңгі сақталады.
Асыл бейнесі – жүректе, ардақты есімі – ел есінде.
Иманы саламат, жаны жәннатта болғай.
Сағына еске алушылар: балалары, немерелері, туған-туыстары.
Немересі: Мирас Кәдірбаев




