Тағы бір шәкіртақы иегері анықталды

Жандәулетқызы Көркем
Ө.Қанахин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің
8 сынып білім алушысы
Мектеп Президенті
Білім мен тәрбие жолында саналы ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаздардың еңбегі – ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталатын асыл мұра. Осындай қадірлі ұстаздардың бірі – Қаракөл бастауыш, Жайсаңбай сегізжылдық, Әйменбет бастауыш мектептерінде 40 жылға жуық табанды еңбек етіп, талай шәкіртке білім мен тәрбие берген, бастауыш сынып мұғалімі Әлмырзақызы Бибісара.
Ұстаздық жолында жоғары жетістіктерге жеткен Бибісара Әлмырзақызы 1982 жылы Қазақ ССР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ол кісінің шәкірттері бүгінде елдің әр саласында еңбек етіп, ұстаз сенімін ақтап келеді.
Ө.Қанахин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде – Ұлағатты ұстаздың жарқын есімін ұлықтау мақсатында тағайындалған 2026 жылға арналған бір жылдық “Бибісара – ұстаз – ана” шәкіртақысы өз иесін тапты.
Аталған шәкіртақыға 2–4 сынып білім алушылары арасынан барлығы 13 оқушы қатысып, өз бақтарын сынады. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде өз жетістіктерін жинақтап, портфолио түрінде ұсынса, екінші кезеңде тест тапсырмаларын орындап, білім деңгейлерін көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 4 – сынып білім алушысы Жетесқызы Дариға «Бибісара – ұстаз – ана» шәкіртақысының иегері атанды.
Бұл игі бастаманың демеушілері – ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының магистрі, HAPPINESS компаниясының ТОП лидері, қазақы емші, Тибет медицинасының эксперті Орынжай Бибі-Ажар және немересі Сара Саламатқызы. Олар жас ұрпақты қолдау арқылы білімге деген құштарлықты арттыруға зор үлес қосып келеді.
Жетесқызы Дариғаның бұл жетістігі – оның білімге деген ынтасының, ұстаздарының еңбегі мен ата-анасының қолдауының нәтижесі.
Айта кету керек, бұл – мектебімізде ұйымдастырылып отырған екінші шәкіртақы. Осындай игі бастамалар білім алушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа жетістіктерге жетелеуде ерекше маңызға ие.




