«Аузы, мұрны жоқ отау»

«Батыр» деген сөзді естісек немесе оқысақ бәріміздің көз алдымызға тарихта аты қалған, елге есімі әйгілі бабаларымыз түсері хақ. Біз қазіргі ұрпақ- жері үшін жанын пида қылған, әрісі Абылай, берісі Дінмұхаммед Қонаевтай асыл даналарды құрметтейміз әрі қастер тұтамыз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Сөз неге еске алумен басталды? Тілге тиек еткелі отырған тұлғаларымызға аудан ішінде көптеген афишалар орнатылды. Тіпті әр көше сайын бар десек артық емес. Әрине, бұл ерекше сыйластық.
Дегенмен де, әрқайсы қойылған уақытта жылтыраған әйнегімен сұлбаларын алыстан көзіңе шағылыстыратын еді. Бірақ орнатқан уақытта “әттең тонның келтесі-ай” дейтін кінәрат болыпты. Бағана сыртын сәл еріншектікке салмай, жерін аттырып қоршауға алғанда біразға дейін тұрар ма еді?


Қазір жанынан өткен қотыр сиыр сүйкенсе,ол аз болғандай аяқ киімінің балшығын қырып өтетін балақайлар да бар. Менің бір таңқалатыным, халықтан «қай жерде, қандай айыппұл аламыз?» деп жүрген формадағы азамат азаматшалар-ау… Қасынан күніге бір емес,бірнеше өтеді. Ешкімнің ойына келмегені ме?
Көп сөз көмір, аз сөз алтын. Әр афиша бетіндегі батырлар мен даналар «қазақ» деп соққан жүрегімізде тұрары анық. Бірақ “бастысы орнатылды”, қалғаны маңызды емес деу өрескел қателік. Мемлекетке тиесілі әр дүние қорғауға алынуы қажет. Үкіметтікі деп отырып, саусақ ұшын қимылдатпасақ қалай ел боламыз, қалай алға жылжимыз?!
Сөздің түпкі түйініне келсек,”Ер есімі-ел есінде!” Біздің ерлердің есінде осы айтылған нәрселер бар ма екен?

 

Қуандық Жанәділ Ерманұлы