Ырғыз жастар сайлауалды үгіт материалдарын жинауға кірісті
Ырғыз ауданында «Әділет» партиясының еріктілері сайлауалды үгіт-насихат науқаны аяқталғаннан кейін өңір аумағындағы үгіт материалдарын жинау жұмыстарын бастады. Бұл бастама «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Акция барысында еріктілер сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде ауыл көшелеріне, қоғамдық орындарға және арнайы белгіленген аумақтарға орналастырылған үгіт-насихат материалдарын жинастырып, қоршаған ортаны ретке келтіруге өз үлестерін қосты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл тазалығын сақтау, қоғамдық орындардың көркін қалыпқа келтіру және тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жастардың бұл бастамасы «Таза Қазақстан» акциясының басты құндылықтарының бірі – туған өлкені таза әрі көрікті ұстауға деген ортақ жауапкершілікті көрсетеді. Аудан еріктілері алдағы уақытта да тазалық пен абаттандыру бағытындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалыса бермек.

