Ұлт қайраткерлері ұлықталды

Ырғыздық көрнекті мемлекет және  қоғам қайраткерлері Тел Жаманмұрыновтың туылғанына 136 жыл, Телжан Шонанұлының туылғанына 130 жыл.

Үстіміздегі жылдың 12-13 қазан күндері Ырғыздың тарихи тұлғаларының есімін насихаттау мақсатында рухани шаралар ұйымдастырылды.

Салтанатты шараның алғашқы күні аудан орталығындағы Т.Шонанұлы көшесінде қайраткерге арналған ескерткіш белгі қоюдан басталды. Аудандық «Арай» мәдениет үйінде ұлт қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.  Елімізге танымал ғалымдар – тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Светлана Смағұлова, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбай қатысып, ұлт қайраткерлерінің елге сіңірген еңбектері туралы баяндады.

Аудан әкімі Н.Қызбергенов конференцияға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, ұрпаққа үлгі болар ырғыздық тарихи тұлғалардың өнегесі насихаттала беретінін жеткізді.

Күннің екінші жартысында шараға жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары «Арай» мәдениет үйі көркемөнерпаздарының ұйымдастырумен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, Ырғыз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде осы шара аясында аймақтық волейбол жарысы ұйымдастырылды.

Бірінші орынды Ырғыз командасы, екінші және үшінші орындарды Хромтау және Қазалы  аудандарының спортшылары бөлісті. Жеңімпаз және жарысқа қатысқан командалардың барлығы ақшалай сыйлық, диплом және кубоктармен марапатталды.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері Тел Жаманмұрынов пен Телжан Шонановты еске алуға арналған шаралар 13 қазан күні Аманкөл ауылдық округінің орталығы – Құтикөл ауылында жалғасты. Шара аясында ауыл азаматтарының демеушілігімен ауыл саябағы жаңартылып, көпшілік ашылу салтанатына қатысты.

Құтикөл ауылының тұсында халқымыздың салтымен ағаш үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтар насихатталды. Қазақтың ұлттық ойындары – аламан бәйге, тоқ бәйге, аударыспақ секілді ат спортының түрлері ұйымдастырылып, жанкүйерлердің қанын қыздырып, делебесін қоздырды. Сонымен қатар, «Түйе палуан,

Қол күресі, қошқар көтеру, арқан тартыс сайыстары да тартысты өтіп, көременге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ұлт қайраткерлеріне арналған шараның соңы  жағалай тігілген ақшаңқан үйлерде ежелгі ата салтымызбен ас беріліп, ата-бабалар рухына құран бағышталды.

Дастархан басында шежіре мен тарихтан тағылымды әңгімелер айтылып, ән мен күй қалықтады.

Ырғыздық қос қайраткерге арналған екі күнге созылған шаралар өткенге құрмет болар, келешекке бағдар берер мазмұнымен өткізіліп, Ырғыз жерін дүбірге бөледі.