Тұлғалар туған өлкеде


Сапар басы
2026 жылдың 14 сәуірі күні белгілі өлкетанушы, жерлесіміз Бекарыстан Мырзабай ағамызбен Құтикөл, Аманкөл ауылдарына тарихтың таңбалы ізі қалған құмды, малға жайлы қойнаулары қамыс, шеңгел, дүзгін, тағы да басқа алуан түрлі өсімідікке толы шағын көлдер тізбегімен алмасқан, бір келген жан қай жағынан келгенін ұғына алмай қалатын тылсымға толы көктемнің көгімен бірге көркейген жерге табан тигізгенімізге сапарластар, бәріміз де разы едік.
Бекарыстан ағамыз ырғыздың көрнекті перзенті Ұзақбай Құлымбетов атамыздың туған мекенінде өткен өмір жолдарының үздік сәттерін Ырғыз елінің өзімен тұстас ұлағатты ұлдары Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонановпен сабақтастыра зерттеп, зерделеп деректі фильм түсірмек ниетпен келген екен.
Бізде ағамызға атқосшы болып, ұланғайыр әңгімесін тыңдап, өзімізді толғантып жүрген сұрақтарымызға жауап алдық. Көптен бері санамыздан шөгіп қалған көбең ойларды бір сілкіп, сапарлас азаматтармен ой бөлісіп, бір жасап қалған едік.
Аманкөлде
Санамызға неміс ұлтының өкілі Эрнест Тельман атауымен сіңісті болған қасиетті құм қойнауының басы болып Жарма, Тәуіп, Қарақұмға ұласқан, түгін тартсаң майы шығатын өлкеге бұрын да анда-санда ат ізін салатын мен бұл жолы да:
Қасиет пен кие қонған өлкеден,
Иісі қазақ қоныс тепкен төр көрем.
Бұйрат-бұйрат толқынданып тұрса да,
Құмды дала сен не деген көркем ең.
Жыңғылменен, қоршалсаң да шеңгелмен,
Бір сұлулық сезінемін мен сенен.
Тел мен Телжан, Ұзақбайлар із салған,
Құтикөлім сен не деген еңселі ең, – деп іштей күбірлеп Тел Жаманмұрынов атындағы мектеп үйіне қадам басқан едім.
Бізді қарсы алған Аманкөл ауылдық округінің әкімі Абылай Спанов, мектеп директоры Жасұлан Қуандық және бізге осы сапарда жолбасшы болып өз ауылының әр қойнауын сүйіспеншілікпен таныстырған Ырғызбай Қаракесеков атты азаматтар еді.
Тел ағамызға арналған музей үйін тамашалап, таным көкжиегімізді кеңейткен біздер жүзге жуық балаларын мектепте оқытып отырған, өркениеттің заманауи жетістігімен қамтылған ауылға көз салдық. Қанағаты мен шүкірі мол ауылдың электр бағаналарын ауыстырса деген ғана ұсыныстарын естідік.
Алмат ата кесенесі
Әрине, біздің яғни, Бекарыстан ағаның тізгін тартар жерлері анықталып қойылса да, сайын дала төсінде бабалар символының ескерткіші болып тұрған Сардар кесенесіне ат басын бұрмай кетпесіміз бесенеден белгілі еді.
Бұрын да талай рет келіп, тарихына қанық болып, жар арнап шығармаларыма арқау етсем де өңдеу жұмыстары жүргізіліп, жаңартылған бейнесін көруді нәсіп қылмай жүруші еді, бүгін сол Ырғыз өңірінің осы бір айтулы ескерткішіне тізе бүгіп әйет оқып, дұға бағыштаудың сәті түсті.
Деп тұрғандай тамашала, біл, таны,
Еңселенді ескерткішпен қыр тағы.
Ұлан дала ұлы болған бір баба,
Өзіңменен мақтанады ұрпағы!
Оу баста әкесіне арнап осы мазарды салдырған Самырат атамыз әкесі Алматқа: – Әке, қалай екен?-деп мақтау күткенде, – Сені тудырған мен қалай екем? – деп астарлап күлген екен. Разы болғаны ғой.
Сырдың жағасындағы «Кеңтүп» деген жердегі Самырат атаның 1922 жылы бой көтерген сәулет ескерткішіне баланған үй тамына да 2024 жылы тағзым етудің сәті түскен еді. Ата бейітіне әйет оқып, қол жайған біздер әрі жол тарттық.

Жақсан ата мешіті
«Әбсалам» қыстауына сәл аялдап әрі жол шеккен біздер «Сардың өзегі» келіп құятын «Қоскөл», «Сасықкөлдің» бір-біріне жалғасқан бір тұсындағы «Жақсан ата» мешітінің бергі тұсына келіп тоқтадық. Бергі тұсы дегенім, ортада суы онша терең емес өзек бар еді. Кешіп өтуге тәуекел етпей, елу-алпыс метрдей жерден тамашалап, бейнероликке түсірдік.
Жақсан ата Бақашы руынан. Мешіт ұстап ескіше бала оқытқан қасиет қонған жан екен.
Мешітті шым кесектен ойып салған, шамамен ұзыны – 15-20 метр, ені – 7-10 метр болса керек. Қасына бара алмағасын дәл айта алмай отырғаныма кешіріммен қарағайсыздар.
Бекарыстан ағамыздың зерттеуінше ұлы тұлғаларымыз Тел, Телжан, Ұзақбайлар осы мешітте қатар оқып, сауат ашқан екен. Мешіт қабырғалары табиғаттың жауынды-шашынды, аязды-боранды кәріне шыдап әлі күн қарайып тұруының өзінде бір кие бардай.
Көтеріп тұр екі ғасыр салмағын,
Ұштаған жер үш арыстың арманын.
Шапағатын шашқайда деп бізге де,
Күбірледім, іштей дұға арнадым!
Ата ұрпақтары
Бір қызығы осы сапарда бізбен бірге Жақсан ата ұрпақтары бір-бірімен немере болып келетін Амангелді мен Бейсенбай Құмақовтар сапарлас болған еді. Баба мекеніне тұңғыш рет аяқ басқан олардың ішкі тебіреністерін әрине, мен сөзбен жеткізе алмауым мүмкін. Бірақ, толқып тұрғандарын бәріміз де сезіп тұрдық. Олар «Басқұдық» жақта туып-өскен екен.
Тағы да бір Ырғыз даласындағы көне ескерткіштің осы қалпын сақтап қалсақ деген ой-ұсыныстарын ортаға салып, «Өзімізде қарап қалмаспыз, дегенмен мәдени мұраларды қорғау тізіміне енгізілсе» деген тілектерін айтты. «Жақсан ата» мешіті Құтикөлден де, Аманкөлден де 15-20 шықырым шамасында.
«Аққыстауда»
Осы өлкенің табиғатына тамсана қарап отырып сапарласым, дізгіншім Журналистер одағының мүшесі Дархан Мектепбаймен және мобилографымыз Қырықбай атты жас азаматпен ой бөлісіп, бүгінгі сапарымызда сәл шаршасақ та Бекең іздеген «Аққыстаудың» көне орынын табудың өзі бізге де арман болды, Неге десеңіз, бұл қыстау Ұзақбайдың әкесі Желдірбайдың қыстауы екен.
«Сасықкөлдің» жыңғылды, дүзгінді жағасын көне сүрлеумен шарлаған біз күн ұясына енер сәтте ғана көне мекен орынын тапқан едік. Бекарыстан аға 1990 жылдары осы жерге келген екен. Себебі, осы «Аққыстауда» 1912-1919 жылдары Ұзақбай Құлымбетов атамыз ұзыны – 20 метрдей, ені – 6 метрлік, қам кірпіштен қалыпқа құйып, әр кірпішті саусағымен номерлеп, мектеп үйін салып бала оқытқан.
Желдірбайдың әйелі Кәби деген әжеміз 1960 жылдары қайтыс болған, сол кісі Бекарыстан ағаның үйінде бірге тұрған екен. Сол кісі: « – Ұзақбай маған Жаманқаладан «Зингер» тігін машинасын әкеліп беріп, қалай тігуді үйретті. Кейін мектептегі жиырма шақты балаға, одан қалды көрші-қолаңға киім тігіп беретін едім», – депті.
1937 жылы Ұзақбай ата халық жауы болып ұсталғанда белсенділер үйдің төбесін ішіндегі мүлкіне қарамай құлатып, ішіне түсіріпті. Мектепті де құлатқан.
1990 жылы сол үйдің құландысын Бекарыстан аға қазып, «Зингер» машинасын тауып, әрине, бүлінген Құтикөлдегі мектепке табыстаған екен. «Зингердің» қазіргі тағдыры белгісіз.
Мен ағамыздың айтқан әңгімелерінің бір үзігін ғана баян еттім. Кейін ағамыздың түсірген бейнефильмінен (деректі) көру бақытына ие болуды нәсіп етсін.
Осы сапарда бірге болған аудан әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев мырза да көп жайларға қанық болды және болашақта осы тарихи жерлерге танымдық белгілер қоюға, жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға бағыт береді деп ой қорытамын.
Ауданның көп жерлерін аралап қалам тербеген менің өзім Бекеңнен керемет сабақ алдым деп ойлаймын.
Құтикөлде
Сапарымыздың нүктесін Телжан Шонанұлы атындағы мектеп үйінде қойдық. Телжан ата жөніндегі материалдармен танысып, Бекарыстан аға деректі фильмге керекті сұхбаттарын түсіргеннен соң ауыл азаматы Айғазының қонақжай шаңырағында ас ішіп, кереметтей әңгімелерін шерткен Бекарыстан ағаға елітіп түн ауғанша отырдық.
Рухыңа рухани нәр құяр ағаларымыз аман болсын деп алыстан жарығы жанымызға жылу берген Жармолаға бет алдық.
Серғали ҚОБЛАШОВ,
ақын-өлкетанушы.




