Суда құтқару қызметі қыста күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді

Қыс мезгілі келісімен мұз үстінде балық аулаушылар көбейеді. Бұл ретте балықшыларға қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Себебі мұз жарылып, суға түсіп кету қаупі бар. Осыған орай облыстық ТЖ департаментінің суда құтқару қызметі жұмыстың күшейтілген тәртібіне көшті. Құтқарушылар өңірдің су арналарында рейд жүргізіп, тұрғындарға жадынамалар таратуда.
«Қыркүйек айынан бері 26 рейд жүргіздік. Оған 546 адам қатысты. Үгіт-насихат жұмыстары барысында 1540 жадынама мен түсіндірме парақшалары таратылды. Облыс тұрғындары мен қонақтарына ескертеміз: мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шықпаңыздар, мұз үстінде жекелеген учаскелерде топ болып жиналмаңыздар, мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындамаңыздар. Мұздың қалыңдығы 10 сантиметрден кем болмауы керек. Мұз үстінде балық аулайтын кезде жаныңызда арнайы құтқару құралдары болсын» — деп ескертті облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсынов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Құтқарушылардың айтуынша, мұздың беріктігін көзбен шолып анықтауға болады: көк түсті мұз – берік, ақ түсті мұз – беріктігі екі есе аз және сұр немесе күңгірт ақ, сарғыш түсті мұз сенімсіз екендігін білдіреді. Дегенмен, жағадан мұзға шықпас бұрын оның мықтылығын жаяу жүріп немесе қатты затпен тексеріп алған жөн. Атап өту керек, мұздағы спорттық және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға мұздың қалыңдығы 25 см және одан жоғары болған кезде ғана рұқсат етіледі.