РЕФЕРЕНДУМ. ШТАБ ЖҰМЫСЫ. САЯСИ СЕРПІЛІС.

Еліміз бойынша жаңа саяси науқан басталды. Республикалық референдум 15 наурыз күні өтеді. Президент Қ.К.Тоқаев Жарлыққа қол қойды. Референдумға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын қабылдау мәселесі шығарылды.
Референдумды дайындау және өткізу міндеті Референдумның орталық комиссиясының функцияларын атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына жүктелді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметіне Орталық сайлау комиссиясымен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Саяси маңызы жоғары шараны өткізу барысында қолдаушы қоғамдық ұйымдар бір коалицияға бірікті.
Осы орайда, Ырғыз ауданы бойынша қоғамдық штаб құрылып, өз жұмысын бастады. Штаб жетекшісі – Ырғыз аудандық мәслихатының төрағасы Марат Тұрымов. Штаб құрамында қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың мүшелері, еңбек ардагерлері, қоғамда өзіндік орны бар, халық арасында беделі бар белсенді азаматтар және жастар бар. Барлығы 28 адамнан тұратын штабтың мақсаты – референдум барысында тұрғындар арасында ақпараттық түсінік жұмыстарын ұйымдастырып, өткізу. Саяси шараға аудан тұрғандарын белсенділікпен қатысуға шақыру.
Бүгін өз жұмысын бастаған аудандық штаб мүшелері Ырғыз ауылында орталық аурухана ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуге “AMANAT” партиясы Ырғыз аудандық филиалының атқарушы хатшысы Оразымбетова Айымгүл, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Таубатыров Әлібек, аудандық мәслихаттың депутаттары Берекеш Құралай, Байжиенова Назгүл, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мектепбай Дархан қатысты. Жұмыс барысында алдағы өтетін референдумның қажеттілігі, Жаңа Конституцияның маңыздылығы айтылды. Ұжым тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды, нақты жауап берілді.
Штаб мүшелерінің үгіт- насихат жұмыстары белсенді бағытта жалғасатын болады.

“ШТАБ – ақпарат”