МЕРЕКЕДЕГІ МАРАПАТ

19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтіледі. Бұл – өрт сөндірушілердің, азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің және суда құтқару қызметтерінің кәсіби мерекесі. Осы күні азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болды.

Ерлік пен ержүректіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген маман иелерінің құрметіне  мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Облыс құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Асхат Шахаров азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларда халықты қорғауда олар маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кез–келген уақытта көмекке дайын тұратындығы,жанқиярлығы және кәсібилігі үшін алғыс білдірді.

Биылғы жыл құтқарушылар үшін үлкен сынақ жылы болды. Су тасқыны кезінде құтқарушылар тұрғындарды, олардың мал-мүлкін, үйлерін барынша сақтап қалу бойынша ауқымды жұмыстар атқарды.

Құттықтаудан кейін өңір басшысы ерекше көзге түскен қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады.

Біздің ауданымыздан Ырғыз аудандық №12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Әкежан  Жеңісбекұлы  облыс әкімінің  Алғыс хатын иеленді.