Құтыру — қауіпті ауру

Құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдаумен сипатталатын зоонозды топқа жататын өткір жұқпалы ауру. Ауру осы күнге дейін емделмейтін болып қалуда және әрдайым өліммен аяқталады. Бұл жануарлар мен адамдар ауруының ең ертеден келе жатқан ауруларының бірі.
Жабайы жануарлар – қасқырлар, қарсақтар, түлкілер және тағы басқалары табиғатта құтыру қоздырғышын тасымалдаушылар болып табылады. Құтырумен үй жануарларынан иттер, мысықтар, ауылшаруашылық жануарлары ауырады.
Құтырған жануарлардың тістеуінен вирус зақымдалған тері және шырышты қабықтар арқылы еніп, жүйке талшықтары арқылы миға түседі де адам құтырумен ауырады. Әсіресе, бетті, басты, қол саусақтарын тістеуі қауіпті. Құтыруда инкубациялық кезең, яғни тістеген (сілекейлеген) кезден ауру пайда болғанға дейін 7 күннен жылға дейін және одан аса созылады. Денені немесе аяқтың төменгі жақтарын тістеген кезде инкубациялық кезең ұзаққа созылуы мүмкін.
Құтыру ауруының алдын алу үшін кез-келген жануармен тістелген немесе тырналған адам дереу травматологиялық пункттің дәрігеріне антирабиялық көмекке жүгінуі қажет.
Етқоректі жабайы аңдардың кез-келген жарақатында, басты, қол саусақтарын, көп жерден тістеу орын алғанда антирабиялық вакцинадан басқа арнайы препарат – құтыру вирусына қарсы қорғаныс антиденелері бар антирабиялық иммуноглобулин тағайындалады. Егер егулер уақтылы және дұрыс жүргізілсе, ауру пайда болмайды.
Антирабиялық екпелер адамдарда құтыру ауруы пайда болмастан бұрын ауруға қарсы иммунитетті қалыптастырады.
Құтыруға қарсы екпелер алу кезінде қуатты және дәрумендерге бай тағамдарды пайдалану, ағзаның шаршауын, суықтауын, қызуын болдырмау, спирттік ішімдіктерді қолданбау ұсынылады.
Жануарлардың кез-келген ерекше мінез-құлқы (үй жануарларының жанұя мүшелеріне еш ауыртпалық көрсетпегеніне қарамастан шабуылдауы, елді-мекендерде жабайы жануарлардың, әсіресе күндізгі уақытта жүруі және т.б.) оларда құтырумен ауруы мүмкіндігі ретінде қарастырылады.
Жануарларда құтырудың алдын алу үшін жануарлардың иелері үй жануарларын ұстау ережелерін қатаң сақтауы керек. Иттер мен мысықтарды сатып алғаннан кейін құтыру ауруына қарсы ектіруі қажет.
Ит иелері оларды үй ауласында немесе үйшікте байлауда ұстауы керек. Оларды серуенге тізгінмен және тұмылдырық кигізіп шығару, құтыру ауруының көзі болуы мүмкін болғандықтан, қараусыз, бұралқы иттермен байланысуына жол бермеу қажет. Жануардың мінез-құлқы өзгерген жағдайда, одан бойды аулақ ұстап, тез арада малдәрігерін шақыртқан жөн.
Құтыру – аса ауыр, өлімге әкелетін ауру болғандықтан, бейқамдық танытуға болмайтынын есіңізден шығармаңыз.
Ырғыз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Еңсегенова Валя Қалқабайқызы