Кедергісіз дауыс беру

Ү

Ырғыз ауданында өтетін сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге жеті мүшеден тұратын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы және 22 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Жалпы сайлау процесіне 110 адам жұмылдырылады.

– Қазіргі уақытта кешенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына 3 тамыздан бастап кірісті, – дейді Ырғыз аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Итібаев.

Оның айтуынша, шілде айының соңында учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары мен хатшылары үшін «Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын дайындау мен өткізудің ерекшеліктері» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта комиссия мүшелері де осындай оқытудан өтуде.

Ауданда тұрғындарға сайлау процесіне қатысты барлық мәселелер бойынша нақты ақпарат пен түсіндірме беретін «109» колл-орталығы жұмыс істейді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Барлық сайлау учаскелері ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан, шақыру батырмаларымен, пандустармен және тактильді бағыттағыштармен жабдықталған. Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін арнайы трафареттер қарастырылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бұрыштар компьютерлермен, құлаққаптармен және үлкейткіш құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда Ырғыз ауданында мүгедектігі бар 24 сайлаушы тіркелген. Олардың алтауы арба пайдаланады, тоғыз адамның есту қабілеті бұзылған, тағы тоғыз адамның көру қабілетінде қиындықтар бар.

– Біздің басты міндетіміз – сайлау процесіне қатысушылардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуына кепілдік беру, – деп атап өтті Болат Итібаев.