Қазақстан жолдарында жаңа индекстер бекітілді

Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары үшін «KAZ» және «KZ» индекстері бекітілді.
«KAZ» индексі — бірнеше өңір арқылы өтетін 23 автомобиль жолына берілген. Мәселен, Астана мен Алматыны жалғап, Қарағанды арқылы өтетін жол KAZ01 индексін еншілесе, «Астана – Көкшетау (айналма жолмен) – Петропавл – РФ шекарасы («Жаңа жол» өткізу пункті)» бағыты KAZ02 болып белгіленді.
«KZ» индексі — бір өңірдің шегінде орналасқан республикалық маңызы бар 88 жол үшін қолданылады. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолы KZ04-02 индексін алды. Онда көрсетілген «04» нөмірі – өңірді, ал «02» нөмірі – облыс шегіндегі жолдың реттік нөмірін көрсетеді. Жамбыл облысындағы «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автомобиль жолы KZ08-04 деп белгіленді, мұндағы «08» – өңірді, ал «04» — облыс шегіндегі жолдың нөмірін білдіреді.
«E» және «АН» сияқты халықаралық келісімдер арқылы тағайындалған автомобиль жолдарының индекстері өзгеріссіз қалды.