Дәрігер есімі ұлықталды

Ауданымыздың медицина саласының өткеніне көз жүгіртер болсақ, дара болмысымен танылған қаншама ырғыздық дәрігерлердің есімдерін мақтанышпен айтуға болады.  Олар  мамандығының майталманы атанып, артында өшпес із қалдырып, адамгершілік қағидаларын әрдайым берік ұстанып өтті.

Үстіміздегі жылы жерлесіміз, «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер» Разия Дәуренбекқызы Саринаның 85 жылдық мерейтойы. Ауданымызда ерен еңбегімен есте қалған  аға буын өкілдерінің  есімін жаңғырту ертеден жолға қойылған.

Осы орайда аудандық ауруханаға дәрігер есімі жазылған тақтайша қойылып, аудандық «Арай» мәдениет үйінде  Разия Дәуренбекқызының өнегелі өмірін ұлықтауға арналған  «Өмірі өшпес өнеге» атты конференция, естелік кітаптың тұсаукесері өтті.

Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары С.Қонақбаев, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ырғыз аудандық ауруханасының 1982-1988 жылдардағы бас дәрігері Н.Үдербай, жерлесіміз, есімі елге белгілі дәрігер, Ақтөбе облысының және Ырғыз ауданының құрметті азаматы Н.Ақатаев, аудандық аурухана қызметкерлері мен ардагерлер, ауыл тұрғындары қатысты.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Нұрлан Үдербай сөз сөйлеп, Разия Дәуренбекқызының інісі Асылбек Сарин мен аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрымов ескерткіш тақтаның лентасын қиды.

Шараны Қазақстанның құрметті журналисі Рахымжан Өтеміс  жүргізді. Нұрлан Мерғалиұлы баяндама  жасап, білікті дәрігер, майталман маман Разия Дәуренбекқызының  саланы дамытудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев, Ырғыз ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз  Күләш Тұрмамбетова, аудандық аурухананың дәрігерлері Сәндігүл Базарбаева, Ильяш Жолдасова Разия Дәуренбекқызының еңбек жолдары туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті.

Разия Дәуренбекқызы Сарина 1963 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген соң алғашқы еңбек жолын  1963-1965 жылдары Ақтөбе қалалық емдеу бірлестігінде учаскелік терапевт болып бастаған. 1965-1971 жылдары Қызылорда қалалық емдеу бірлестіктерінде учаскелік терапевт, рентгенолог болып қызмет жасаған.

1971-1975 жылдары Ырғыз аудандық емдеу бірлестігінде рентгенолог, 1975 жылдан 1996 жылға дейін бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 1971 жылы Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық ревматологтар съезінің делегаты болып, сол жылы Мәскеу қаласында өткен терапевт дәрігерлердің  Одақтық пленумына қатысқан.

1978 жылы 15 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер» атағы берілді. 1974-1977 жылдар арасында халық депутаттары аудандық кеңесінің, бірнеше рет селолық кеңестің депутаты болып сайланған. Республикалық, облыстық денсаулық сақтау органдарының, кәсіподақ ұйымдарының мақтау грамоталарымен марапатталған. Рәзия Дәуренбекқызы еңбек жолында білікті дәрігер болумен қатар, жас кадрларды тәрбиелеп, ақылшы ұстаз атанды.

1996 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, 2010 жылы 72 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Конференциядан соң Разия Дәуренбекқызы Саринаның 85 жасқа толу құрметіне «Өмірі өшпес өнеге» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Жерлестері дәрігерді осылайша еске алып, шараны ұйымдастырған Разия Дәуренбекқызының бауырлары мен ұрпақтарына ізгі тілектерін  білдірді.

Т. БЕКЖАНҰЛЫ.