Басты міндет- сапалы қызмет көрсету

Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Жандос Жолжанұлы Дербіспен сұқбат

 

-Әңгімемізді Ырғыз аудандық ауруханасының жалпы жағдайынан бастасақ. Бүгінде аудандық ауруханаға қарасты қанша дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар? Денсаулық сақтау саласында қанша қызметкер еңбек етуде?

         — Ырғыз  аудандық ауруханасына қарасты 5 дәрігерлік амбулатория, 12 медициналық бар. Елді мекендердегі амбулаториялар толықтай дәрігерлермен қамтамасыз етілген. Ырғыз аудандық ауруханасына қарасты медициналық мекемелерде барлығы 263 адам жұмыс жасайды. Оның 36- і дәрігер, 124-і медбике, 103-сі басқа қызметкерлер.Мақсатымыз – науқастарды емдеп қана қоймай, келушілерге барынша жағдай жасау. Аурухананың медициналық техникалармен жабдықталуы 92,5 пайызды құрайды. Ауруханаға соңғы 2 жылда  2млн 452мың теңгеге электрокардиограф 12 канал,   11 млн  032мың теңгеге ашық реанимациялық жүйе, 3 млн 360мың  теңгеге фетальды  монитор (КТГ) медициналық құрал-жабдықтары   сатып алынды.

Науқастың өмірі үшін жедел жәрдем қызметінің сапалы жұмыс жасауы маңызды. Сол себепті, жедел жәрдем бөлімінің жұмысы қалай жүзеге асырылуда? Жалпы  ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда жедел жәрдем автокөліктері жеткілікті ме?

Әрине, науқастарға тез әрі, сапалы қызмет көрсету — жедел жәрдем бөлімінде қызмет ететін мамандардың басты міндеті. Олар сапалы қызмет көрсету арқылы науқасты ауыр жағдайлардан аман алып қалады. Бүгінде аудан орталығында жедел жәрдем бөлімінде күнделікті ауысыммен 1 бригада жұмыс жасайды. 1 жедел жәрдем  көлігімен қамтылған. Шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастарды облыс орталығына тасымалдау үшін қосымша 1 реанимобиль көлігі және ларгус, УАЗ маркалы санитарлық жедел жәрдем  көліктері  бар . Ауылдық елдімекендердегі  5 дәрігерлік амбулаториядың барлығы санитарлық автотранспортпен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы тағы облыстық бюджет арқылы 31млн 225мың 600теңгеге 2 УАЗ маркалы санитарлық жедел жәрдем  көлігі сатып алынып,Құмтоғай және Аманкөл дәрігерлік амбулаторияларына берілді.

Ауданға биылғы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандар келді ме, ауруханада қандай дәрігерлер жетіспейді?

Қазіргі таңда Ырғыз аудандық ауруханасына қарасты елді мекендердегі амбулаторияларға аталған бағдарлама арқылы 2  жас маман  жұмысқа орналасты. Ауылдық елді мекендерге  жұмыс істеуге жіберілген аса тапшы медициналык мамандықтар бойынша  бюджет каражаты есебінен әлеуметтік колдау көрсету бағдарламасы арқылы 8млн 500теңгеден жұмысқа орналасқан жас  мамандарға берілді. Ал аудандық ауруханаға  1 хирург, 1 рентгенолог, 1 фтизиатр, 1 акушер-гинеколог, 1 терапевт, 1 стоматолог дәрігерлері қажет. Ал дәрігерлердің біліктілігіне келетін болсақ, олар 5 жыл сайын міндетті түрде біліктілік арттыру курстарына жіберіледі.

2024 жылы қанша ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде қаншасы диспансерлік есепте тұрады? Тұрғындардың арасында қандай сырқат түрлері көптеп кездеседі?

Ауруханада жалпы саны 12567 адам тіркелген, олардың 11331-і МӘМС жүйесінде сақтандырылып, сақтандырылған азаматтар 89,5% құраса, сақтандырылмағандардың саны — 1341 адам болып отыр. Аудандық ауруханада 2024 жылы 2331 науқас  стационарлық ем алды. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсету деңгейінде  89271 рет дәрігерлер қабылдаулары жүргізілді. Ал тұрғындардың аурушаңдығы бойынша диспансерлік есепке 1556 науқас тіркелген. Оның ішінде 251-і балалар. Тіркеуде тұрғандардың ішінде 312-нің мүгедектігі бар. Мүгедектігі бар балалар саны – 58. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша аурушаңдықтың өсуі байқалады. Бүгінде қан қысымы диагнозымен 677 адам есепке алынған. Диспансерлік есепте тұрғандар өздерінің диагноздарына байланысты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Биыл оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 40 311 003,48 теңге көлемінде қаржы бөлінді. Аудан тұрғындардарының денсаулығын жақсарту, дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында аудан бойынша – 233 науқасқа Астана және Алматы қалаларына және облыс орталығына  емделуге портал арқылы жолдама берілді және 9 науқас квота арқылы жолданды.  Ақтөбе облыстық медициналық авиация бортының ұшағымен жедел көмекті қажет ететін 36 науқас Облыстық ауруханаларға тасымалданды.

Аудандық аурухананың жанынан жапсарлас ғимарат құрылысы басталатыны жөнінде ақпарат тараған еді. Бірақ әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары басталмады. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз?

-Аурухана ауласынан жапсарлас ғимарат құрылыс жұмыстары осы жылы басталуы қажет еді. Алайда, ғимарат құрылысының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтпей қалуына байланысты бүгінгі күні қайтадан жобалаушы мекемеге түзету енгізу үшін ұсынылды. Осы түзетулер енгізілгеннен кейін қайтадан мемлекеттік сараптамаға жіберіліп, мақұлданғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінетін болады.

—  Осы тұста бұдан өзге де алдағы уақытта атқаратын жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

Мемлекетіміздің басты байлығы – ұлт денсаулығы. Осы даналықты негізге алатын болсақ, тұрғындардың денінің сау, болашағының жарқын болғаны маңызды. Аудандық аурухананы заманауи медициналық құрал жабдықтармен жарақтандыру үшін облыстық бюджет арқылы маммограф аппаратын сатып алу жоспарлануда.2025 жылы Нұра ауылында Нұра фельдшерлік-акушерлік пункті, Жарма ауылынан Жарма медициналық пункті салынады.