Баспасөз – баршаға

9 қыркүйек – Дүниежүзілік пошта күні. Аталған мерекеге орай Ырғыз аудандық пошта байланыс торабында «Баспасөз – баршаға!» атты баспасөзге жазылушылар күні өтті.
Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан «Қазпошта» акционерлік қоғамы – баспасөз басылымдары мен бұқараны байланыстырушы алтын көпір болып саналады. Сондықтан да, бұл күн – оқырманның мерекесі.
Мерекелік шараға мекеме, ұжым басшылары, ардагерлер мен оқырмандар қатысты. Ырғыз аудандық пошта байланыс торабы басшысы Айтолқын Фазылбекқызы ұжымдастарын мерекемен құттықтап, Амантай Нұрбаев, Сақтаған Ахметов, Кеңшілік Атантаев, Болат Молыбав, Марат Мырзалы сынды баспасөзге жазылушыларды «Ең белсенді жазылушы» номинациясы бойынша марапаттады.
Сонымен қатар, «Үздік баспасөзге жазылушы мекеме» атты номинациясын Тәуіп ауылдық округі әкімі аппараты, аудандық «Арай» мәдениет үйі, Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық білім бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы ұжымдары иеленді. Ауданның пошта саласының ардагерлері Нағима Баяубаева, Гүлсім Шынтемірова әріптестерін мерекелерімен құттықтап, ұжым басшысы ескерткіш сыйлықтарын табыстады.
«Арай» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен әрлеп, іс-шараға қолдау көрсетті.