АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАНЫМ КӨКЖИЕГІ ЖОҒАРЫ

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, төсінен талай танымал тұлғаларды өрбіткен Ырғыз ауылы да өркениет көшінен қалған емес. Білім көкжиектері кең, саяси тұрғыда сауатты, қазіргі заман талабына сай тұрмыс кешіп келе жатқан ауылдықтар саяси науқандарға да белсенділікпен атсалысуда.
Бүгін “Арай” мәдениет үйінде өткен кездесуге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалицияның Ырғыз ауданындағы мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу коалиция штабының конституциялық реформаны қолдау жөніндегі ақпарат-түсінік жұмыстарының желілік кестесіне сай болды.
Ақпараттық түсіндіру тобы ауылдың тыныс-тірлігіне жаңа заң жобасының қосар үлесі, негізгі бағыттары, енгізілетін өзгерістердің мәні мен маңызы туралы кеңінен түсіндірді. Коалиция мүшелері Конституция жобасы елдегі саяси жүйені жаңғыртуға және азаматтар мен ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге, ауылшаруашылығы саласын өркендетуге бағытталған бағыттарына тоқталды. Болатын референдумға ерікті түрде қатысып, ішкі мәдениеттілікпен өз азаматтық ұстанымдарын көрсетуге шақырды. Ауыл жайын білетін азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Түсіндіру жұмыстары барлық ауылдар мен елді-мекендерде желілік кестеге сай жалғаса бермек.





