Аудан әкімі Н.Қызбергеновтің аудан тұрғындарын Республика күні мерекесімен құттықтауы

Қадірлі ырғыздықтар!

​         Сіздерді ұлық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

​ ​        Бұл күн – қазақ халқы үшін тарихи күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болды.

Республика күні – тәуелсіздігіміздің жаршысы, оған жол ашқан тарихи оқиғаны айғақтаушы күн. Сондықтан да біз үшін бұл мереке егемен ел болып ірге қалауымыздың белгісіне айналған тарихи күнді, ұлттық рухымыздың қайта түлеген сәтін еске салатын ерекше сипатқа ие.

Елдің даму көшінде Ырғыз халқының да өзіндік орны бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңіріміздің экономикасы да дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастамалар мен игілікті істер жүйелі жалғасын табуда.

 

Құрметті жерлестер!

Азат елдің ұрпағы ретінде біздің алдымызда тәуелсіздік жылдары жасалған игілікті істі жоғалтпай, халықтың бірлігін сақтап, ынтымақ пен татулықты одан әрі нығайту, ұлттық рух пен туған тілімізге, ата-баба дәстүріне қамқорлық жасау міндеті тұр.

Барша аудан халқын еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болғай!