Әлеуметтік міндеттемелер толық орындалады

Жыл басында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнара Бектұрғановамен әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша сұхбаттасқан едік.

-Гүлнара Қайырханқызы, тағы бір жыл тарих қойнауына енді. Өткен жылы ауданымызда әлеуметтік төлемдердің төленуі, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы тұрғысында қандай жұмыстар атқарылды?

Г.Бектұрғанова: — Ең әуелі барша жерлестерімізді Жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жылда әр шаңыраққа құт-береке мен жаңа табыстар тілеймін!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік мемлекет екендігін, ең басты басымдық – халықтың әл-ауқатының артуы екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді» деп тағы бір мәрте атап көрсетті.

Ауданымызда да бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда.  2024 жылы 223 адамы бар 34 отбасына  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 18823,9  мың теңге төленді.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға тағайындалған кепілдендірілген әлеуметтік пакет үшін 12 айда 30 отбасындағы 65 балаға тағайындалып, 3533,3 мың теңге төленді.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасының 59 еңбекке жарамды адамынан қазіргі таңда 17 адам қоғамдық және тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

-2025 жыл да басталып кетті, биылға бұл бағытта қандай жоспарлар бар?

Г.Бектұрғанова: — 2025 жылдан бастап бір маңызды өзгеріс атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады.

Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы.

2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа табыстан төмен табысы бар азаматтарға берілетін болады. Әрине оның сомасы қомақты және атаулы шаралармен бірге беріліп, отбасыларына қиын өмірлік жағдайдан шығу мүмкіндігін қамтамасыз ететін болады.

Осы өзгерістерге сәйкес  2025 жылы 1800 адамы бар 300 отбасыға  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мақсатында, республикалық және жергілікті бюджеттен 139025,0 мың теңге жоспарланды.

2025 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет үшін барлығы республикалық бюджеттен 15015,0 мың теңге бөлінді.

-Жалпы тұрғындарға тиесілі мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар уақытылы және толық көлемде төлене ме? Бұл тұрғыда мәселелер жоқ па?

Г.Бектұрғанова: — Бұл аудан әкімдігінің ерекше назарында тұрған мәселе. Сондықтан аудан әкімдігі тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалады. Ол үшін тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік мәселелеріне тұрақты талдау, оның нәтижесімен қорытынды жасалып отырады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ауылдық округ әкімдері, өзге де осы саладағы мекемелер бірлесе отырып, әр тұрғынның назардан тыс қалмауын, оларға қажетті төлемдердің уақытылы тағайындалуы мен төленуін қамтамасыз етеді.

-Сұхбатыңызға рахмет!