Елімізде ағаш көшеттерінің жерсінуін бақылау тәртібі әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов көшеттер отырғызу және орман шаруашылығын дамытуға қатысты министрлер мен әкімдерге бірқатар міндет жүктеді.
«Экология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі әкімдіктермен және құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп биыл 1 желтоқсанға дейін келесі жылға арналған көшеттермен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеуі тиіс. Көшеттердің жерсіну қабілетін жетілдіру үшін Экология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі оны өсіру және ағаш отырғызу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету бойынша агротехниканы сақтау тәртібін әзірлесін», — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Одан бөлек, Үкімет басшысы орман алқаптарына тұрақты мониторинг, оның ішінде ғарыштық мониторинг жүргізу керектігін айтты.
«Экология және табиғи ресурстарды қорғау, Төтенше жағдайлар министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге, әсіресе бюджеттен тыс қаражатты тарта отырып, орман мекемелері үшін қажетті жабдықтар мен техника сатып алу, саланы қаржыландыру шараларын жалғастырсын», — деді ол.
Бұған дейін Премьер-Министр елімізде ағаш отырғызу жұмыстарын сынға алып, әкімдік есептерінде көшеттердің жерсінуі жайлы ештеңе айтылмайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов ел аумағында 2021 жылдан бері шамамен 970 млн түп көшет отырғызылған, бірақ, олардың жерсінуі есепке алынбайтынын айтқан еді.