ШАЙЫР ЖЫРЫН ҰСЫНАДЫ ШҰРАЙЛЫ …

Поэзия парақтарынан…
«… Бұл менің екінші жыр кітабым. Мен бүгін мынандай, болмаса ертең анандай өлең жазайыншы деп жоспарлаған емеспін,тек ойымда піскен жырларымды дәптерге сол мезетінде түртіп қоятынмын. Әрине ақын болған соң,пенде болған соң мереке-мейрамға,өзім жақсы көретін жандарға арнау жазатын кезімізде болады. Ал былайғы өмірдегі өлеңдерімнің көбісі сағыныштан тұрады деген дұрыс болар. Жас ұлғайғасын өткенді көп ойлаймын,естеліктер есімді алады,балалық шағым,өзім өскен саманнан салынған үйлері бар,шарбағы талмен қоршалған ескі болғанмен сүгіреті жанымды тербер шағын ауыл қолымды қаламға еріксіз апарады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған шақтағы ата-әжелерімізге,желегі желбіреген жеңгелерімізге,арқасына кетпен,күрегін артқан ағаларымызға деген ыстық ілтипат,сартап болған сағыныш өлеңдерімнен көрініс тауып сіздің жүрегіңізге жетіп жатса мен үшін одан артық ғанибет жоқ.
Талғам-таразыларыңыз мықты болсын!»
Серғали Қоблашов, ақын
Жан жүректің үзіліп тамшылары…
Сағынышқа біздің жыр малшынады,
Көкіректі кететін жаншып әлі.
Естелікке ұласып кете берер,
Жан-жүректің үзіліп тамшылары.
Қаламыма сөз берем қой баққанда,
Күзгі мұңды бір сәтке аршығалы.
Сұлу сөздер іздеме өлеңімнен,
Жанып тұрса болады жан шырағы!
Осы өлең
Көп қиянға, табанымды төсегем,
Тағы да бір есіме алдым кеше мен.
Қоржыныма жиған-терген көз салсам,
Бар жиғаным сенесіңбе…осы өлең.
Қолыма алып қара өлеңнің бұйдасын,
Досымда осы,сапарласым-сыйласым.
Татымаса таңдайыңа тарлан жыр,
…Иесімен деген сөз бар қинасын.
Мендік сөздің бәрі осында,қаймағы,
Қара өлеңім… керек етпес айланы.
Қара торы қас сұлуға бір кезде,
Осы өлеңді сыралғым деп байладым.
Кеудемдегі көрікті ойды көседім,
Мен жыр жазсам,қол соғасың осы елім.
Туған жердің аңыздарын алдыңа,
Жыр тілімен жүрек жарды, төседім.
…Сезімімді осы өлеңге қоса өрем,
Жазбай кетсем кейде мені кеш өлең.
Қанша жерді шарласам да,беу дүние,
Арқаларым,ап қайтарым осы өлең!
2024 жыл
Аңсау
Сағынышын сан жолдап таңдар маған,
Алыс күнді ұмытпас арманды адам.
Орамалын жел тербеп жайсаң жеңгем,
Қой қайырып жүргендей аңғал ағам.
Сол бойжеткен ашқандай терезесін,
Сағыныштың кептірмей кенезесін.
Саусағының ұстатар ұшын ғана,
Ұлықтаған ұлтымның өнегесін.
Сан байыды-ау қызартып сауырын күн,
Кеші қандай ыстық еді ауылымның.
Мейірімі секілді әпкешімнің,
Алақаны сықылды бауырымның.
Кейде еріксіз жанардың тамшылары,
Жүрегімді тым нәзік жаншылады.
Кешкен ғұмыр өткеннің естелігі,
Үмітіңнің өшпегеншамшырағы.
Болғанына не жетсін жыр қылар күн,
Сенімімді сезімге құл қылармын.
Ақша бұлттар алысқа көшіп жатқан,
Ақ бантигі арманды құрбылардың.
Өкінішті сан мәрте өртеп көрдім,
Мұңға малшып кеудесін мен текті ердің.
Бірі де жоқ жанымда қайран дүние,
Бала күнгі бірге өскен тентектердің.
Таразысына тағдырдың өлшеп көрдім,
Ізгі ойымды мен қалай бөлшектермін.
Сағынышқа мен сартап, амалым жоқ,
Жыр семсерін әншейін, семсеп көрдім.
2016 жыл
Күзде құстар қайтады…
Қой кезекке шыққан бүгін күн еді,
Мал мен жанда баба қазақ тілегі.
Қиы менен тезегіне жылынып,
Оранғаны терісі мен жүні еді.
Біздің өңір бір пұшпағы арқаның,
Асаулары сан сүйреткен арқанын.
Боз,көдесі жайылымы еді сүйікті,
Құйрықтарын тарта алмайтын марқаның.
Бой тоңдырар күздің қысқа күніде,
Шық дірілдеп боз жусанға іліне.
Мүлгіп жатыр бұлттар көшкен күзгі қыр,
Қош-қоштаған қарашаның үніне.
Қазақ жанын ұққың келсе қырға бар,
Жан дүниеңді жабырқаулы сырға мал.
Көз ұшында тыраулайды тұншыға,
Енді қайтып келмейтіндей тырналар.
Қоштасып жүр қараторғай топтана,
Туған жердей жұмақ сірә, жоқ бала.
Ей, аққулар, көк аспанда сыңсыған,
Бар-бар енді,жолың алыс тоқтама.
Өмір бар-ау шын үңілсең көгіңде,
Бізде беттеп көкжиектің… шегіне.
Шәйт-шәйттеймін баба қазақ секілді,
Ауылдастың көк есегін тебіне.
…Кезім болды-ау кең даламен тілдескен,
Ай, табиғат, бар перзентің үндескен.
Кей достарда кетті құстай қоштасып,
Тай-құлындай тіршілікті бір кешкен.
2024 жыл
Мәні тау
Мәні таудың етегінде тұрмын мен,
Аңызына қанша құлақ түрдім мен.
Сенен алған әсерімдей болмайды-ау,
Мына өмірде алып жүрген мың жүлдем.
Сен арқылы көкірегіме жыр сіңген,
Толғауыңды толғай жүріп күрсінгем.
Махаббаттың белгісі боп асқақтап,
Туған жердің киесі боп тұрсың сен.
Тарих тұнып тастарыңда қаланған,
Өзіңдей шың таба аламба ғаламнан.
Бір тасың боп қаланарма жырларым,
Бір ұлыңмынжырлау үшін жаралған.
Кәрі терек сан ғасырды өткерген,
Сыр ашсаңшы балдарыңа өткеннен.
Мәні қыздың таңғажайып көркіне,
Көз салдыңба бұлақ аққан бөктерден.
Саған келіп тарттыма екен тізгінін,
Тәу етеміз махаббатқа біз бүгін.
Жапыраққа жәутеңдейміз сыр ашпас,
Жанарларда жабырқаулы жүзді мұң.
Тораңғысы топ боп өскен шың басы,
Сайын дала самал желдің сырласы.
Қасиетің арта берсін Мәні шың,
Заңғар биік, сан ғасырды құрдасы!
2024 жыл
Жүрегімде ағады Ырғыз бірақ…
Көне өзенге көз салам тебіреніп,
Сағынышпен беремін көңілге ерік.
Ақын кеуде күрсінер кей шақтарда,
Мұңға батқан сәттерін өлеңге өріп.
Шомылған ем бір кезде Еділгеде,
СССР-ға берілген сенім мүлде.
Жиырмағада жетпеген жауынгер ем,
Балапан мұрт, бозбала мен ол күнде.
.
Мөлдір тұнық көз салғам Амурғада,
Қиыр Шығыс тайгасы қалың қарда.
Буреяның толқыны тулағанда,
Сақтап қалған сан мәрте жанымды Алла!
Қызыққанмын бір мәрте Жайыққада,
Мінбесемде бір қызбен қайыққа ана.
Сыр айтатын толқыны сырғып келіп,
Жүрегімен ғашық боп жаны ұққанға.
Таңданыспен үңілгем Есілгеде,
Астанамды қақ жарып есілгенде.
Мың шамшырақ айдынға сәуле шашып,
Есілменен көрікті-ау кешің мүлде.
Табан тиді бір сапар Ертіскеде,
Ертіс сырын ашарма шертіскенге.
Сұлулығы Семейдің көрінбес тек,
Сезімі мен көңіліне шел түскенге.
Алақанмен суда ішкем Сырға барып,
Қазақ үшін ағатын тұлғаланып.
Көне шаһар Жанкентке жыр арнағам,
Бегімді айтып,жанымды сырға малып.
Жүрегімде ағады-ау Ырғыз бірақ,
Жағаңда өстік секілді көкше құрақ.
Сағынысып қауышар көне Торғай,
Отыз екі саласы өзен,бұлақ.
Құятұғын күн қайда Құрдым барып,
Ағатұғын киелім, құмды жарып.
Тамырыңды байладық қасиеттім,
Әр салаңа мың бұрау бөгет салып.
…Қарғын суы толтырсын көктем келіп,
Баяғыша толқышы өктемденіп.
Несібесін қара жер қанғанша ішіп,
Берекеңді Жасаған көктен беріп!
2022 жыл
Кеш ана…
Бала болған күн сірә да ескірді,
Еске алмаймыз,сағынбаймыз ешкімді.
Күлше сұрап күңкілдеген күн алыс,
Жалған деген осы балам, бес күнгі.
Күнді ұмыттық жадағайлау кешегі,
Сирек еске алар болдық, шешені.
Анаң байғұс ысқылаушы ед тазалап,
Табаныңның қалың күсін бес елі.
Өзі өскендей талай тойдасалдық ән,
Қайран ана еш өзгермес қалпынан.
Ақ сүтіңді ақтаймыз деп айтқанмен,
Еш ескерткіш тұрғызбадық алтыннан.
«Сапарларда киім алдым»…ұялам,
Сол бір әнді мен есіме жиі алам.
Қыз-ұлыма көйлек алған сол сапар,
Кешір ана…үнсіз жаным, жылаған.
Жалған өлең жаза алмадым кеш ана,
Боркеміктеу ұл тумапсың,босама.
Сол шаңырақ ашық әркез түндігі,
Дұғадамыз өзің шыққан босаға.
Ана жайлы көркем өлең жазбаппын,
Кермек ойды көп көседім, маздаттым.
Біз ырзамыз,ал сен бізді кеш ана,
Еппен бүгін, еркеледім… тіл қаттым.
2023 жыл
Әжем және біз
Балалық кез, есімізде әлі күн,
Біздің қате, бізбен кетсін жарығым.
«Құдай жоқ» деп күйдіруші ек әжемді,
Өзгертпек боп иланымын, нанымын.
Атеизм санаға егіп ұрығын,
Ылайладық әже ойының тұнығын
«Ескіліктің қалдығы» деп үйретті
Әжеміздің әр қылығы, ырымын.
Айтқан да жөн, мойындап бір расын,
Кеште болса шүкіршілік қыласың.
Кешу сұрар Алласынан күбірлеп
«Кеше көр» деп балалардың күнәсін.
Енді ол күнді сағынышпен жазамын,
Көп көрген жан, күйкі тірлік азабын.
Кимешегін кірлетпеуші еді қарқара,
Бес уақыт қаза қылмай намазын.
…Ұқсам да кеш, дей алмаймын тыншыдым,
Өкініштен талай бармақ қыршыдым.
Үнсіз ғана даналықты ұқтырды-ау,
Шүйкедей жан айналдырған ұршығын.
2009 жыл
Ауылымның тал-бесігін тербетіп
Менің жүрегімнің Меккесі — Шеңберталыма он жеті-он сегізінде келін боп түсіп,тал бесік тербетіп,бұл күнде ел анасы әжелерге айналған менің алтын жеңгелеріме арналады бұл өлең!
Ізін тастап көшті-ау, талай арай күн,
Өткен күнге,қимастықпен қараймын.
Ескі альбомнан кездестірдім суретін,
Күліп түскен жеңгеміз бен ағайдың.
Тау қозғалса, қозғалмайтын бұл кісің,
Әйтседе, кім шын сезімін іркісін.
Қоюшы еді жаймен ғана жымиып,
Естігенде жеңешемнің күлкісін.
Іштей іркіп сабыры мен төзімін,
Қиығымен қарап қойып көзінің.
Жаныменен, жүрегімен тыңдайтын,
Қоңыраудай жеңгеміздің жез үнін.
Бала едік біз,қараушы едік қызыға,
Сәлем салса жеңгей елге сызыла.
Ырза едік, ағамызға және де,
Біздің елдің дәмі менен тұзына.
Он сегіздің енді ішкен көжесін,
Тал бойынан бір әсемдік сезесің,
Ертегінің көргендей ек сұлуын,
Шалғандай бір хор қызының елесін.
Ағай тұғыр,ал жеңгеміз бір мүсін,
Сол күндерді сағынып сен тұрмысың.
Ағамызды күткен сәтті-ай аяулы,
Қолына алып,құмғаны мен сүлгісін!
Сағыныштан кейде жаным шымырлап,
Қайда, қайда шұрқыраған құлын-бақ?
Сапар шықса кейде ағамыз алысқа,
Жеңгей жүрер мұңлы жүзбен ыңылдап.
Күле жүріп қонақ қанша жайладың,
Жеңгей сізге бір әсем жыр байладым.
Таңдайымда әлі күнге тұр ұйып,
Сенің берген шайың менен қаймағың.
…Кеттік бүгін әр қиырға ер жетіп,
Аға аттанды,боз төбеге, төрлетіп.
Күміс самай,ыңылдайсың жеңешем
Немереңнің тал бесігін тербетіп.
2010 жыл
Естелігі ескі үйімнің ең соңғы…
Көп естелік…,осы жерде қалдырдым,
Сағынышы тербеуші еді-ау сан жылдың.
Төбелерін талмен жапқантоқал үй,
Таба тостым,тамшысына жаңбырдың.
Сәби шақта балдай татып балшығын,
Қар басқанда іргеңді сан аршыдым.
Бауырларым бүтін кезбенбақытты,
Жақсы күнім…қалды осында жарқыным.
Нағашы әжем айналдырған ұршығын,
Ыңылдайтын,жанды тербеп тылсым үн.
Жылдарым ғой,жүректегі тым ыстық,
Жас ытқыса жанарымнан бір сығым.
Үме қылып,ауыл басқан кесегін,
Тамшы тердің иісі бар неше мың.
Уілдесе күзгі дауыл мұржадан,
Гөй-гөйіме жетім баққан шешенің.
Бойын тіктеп қайта жапқам қамысын,
Ержеткенде ұстадыма намысым.
Қарыздармыз қайран ана мәңгіге,
Мейіріміңмен әрбір түйір нан үшін.
Келі түйіп,үні шыққан диірменнің,
Мен әжемнің өрмектерін көргенмін.
Келіншегім осы үйге оң аттап,
Шайын ішкем алғаш екі жеңгемнің.
Шешем алғаш немересін тербеткен,
Ғажап әуен жиып алып жер-көктен.
Кешір мені, алтын бесік құжырам,
Ақын болып осы аулада ержеткем.
Әпкелерім келер еді-ау төркіндеп,
Еркелеумен енуші еді-ау еркіндеп.
Туған үйім мият тұтам мен сені,
Атағыңды аспандатам, сертім бек.
Енді естелік тербетеді-ау санамды,
Сағынышпен шертер көңіл әр әнді.
Тоқташы өлең енді әрі…жалғама,
Мұңға батқан тырнамашы,тырнамашы жарамды!
2024 жыл
Ынсабыңнан айырма
Бәріде бар,не жоғалттық, білмедім,
Көңілімді бір тербетші жыр менің.
Әлі есімде күлді көмеш күлшем бар,
Бала болып еш алаңсыз күлгенім.
Есегіне мінгескен күн атаның,
Жыртық жейде,жамаулы еді шапаным.
Бәріде бар,тек жетпейді әлдене,
Не жоғалттым, кешір мені баталым.
Құрысқанбыз әжеміздің өрмегін,
Өмір салды-ау жүзімізге өрнегін.
Ғаламтордан бәрін біліп отсамда,
Қайран әже,нені іздедім, шөлдедім?
Ағам артып иығына сенегін,
Құлдыраңдап құлын болып еремін.
Жүрегіме жетпей жүрген мейірім,
Бірге кетті-ау өзіңізбен, сенемін.
Жасаурайсың жанарым-ау неге сен,
Мен қаншама асыл жанға бересі ем?
Біз іздеген,біз жоғалтқан көп дүние,
Сенде кетті-ау,қайран алтын жеңешем.
Өтті талай жаз бен қысым,көктемім,
Күз боп кейде көп сағыныш өткердім.
Естелік боп жүрегімді желпиді-ау,
Орамалы секілденіп әпкемнің.
Ой көшедіөткен шақты аралап,
Таңдай қағам кейде тойға бара қап.
Бір табақтан,бір қасықпен ас ішіп,
Быламыққа қылушы едік қанағат.
Анашымды деп санаушы ек қалқаным,
Өзің барда кетті ығысып қанша мұң.
Ұмытылды-ау томпайған соң қалтамыз,
Қара суға шылап берген талқаның.
…Кешір мені сәтім болса босаған,
Аман болсын іргең бүтін,босағаң.
Жоғалмасын қанағатың қайран ел,
Ынсабыңнан айырмасын жасаған!
2021 жыл
Мен бақытты іздегем
Мен бақытты іздеген ем көп жерден,
Талай-талай жер шарлаппын,ел көргем.
Қазір ұқтым, кеш анашым,сен мені,
Бақыт деген өмір екен сен берген.
Бақыт екен сәби шағым талпынған,
Сен ұсынған жарты күлше, алтын дән.
Мен бақытты екенмін ғой сол жылдар,
Жамау, жыртық көйлегімнен тартынбан.
Анам берген сол өмірді жатсынбан,
Ақ сүтіңменар жолында бас құрбан.
Бақыт тағы жарың екен аяулы,
Бар ғұмырын саған сеніп тапсырған.
Анашыңның осы кісі жалғасы,
Суалмасын Ана-дария арнасы.
Қызым өсті,қызғалдақтай құлпырған,
Бақыт жайлы жақсы жырдың жалғасы.
…Бақыт деген жүр айнала қасыңда,
Дүние,байлық…ойлан, босқа шашылма.
Аман болса Отан-анаң,жанұяң,
Бақыт жаным,осы екен ғой расында!!!
2023 жыл
Даладан оралғанда…
Біз шығармыз сірә соңы, «кезбенің»,
Сөзде өзге,бұл күндері өзге мұң.
Жәтең-жәутең аттандырдық музейге,
Өткен тарих, өткен күнніңбезбенін.
Татқызбасын енді дәмін талқанның,
Атанға жүк кейін қалды,артар күн.
Күміс ерлі,сәукелелі сыңсыған,
Сағым қырдан, дауысы естілмес қалқаның.
Мазарларды жел мүжіді,мүлгіген,
Құлан жортқан,боз даланың тұрғыны ем.
Қамшы өремін сегіз таспа кей күні,
Бабамыздан бізге қалған үлгімен.
Кімдер оқыр ғашықнама толғауын,
Кеттің ұзап, көш-керуен,сол қауым.
Замананың бағындықта құлқына,
Қастер тұттық елбасылар жолдауын.
Жыршы,әншісін той сәніне балаған,
Ақы сұрап,шырқамаған жан адам.
Ұлттың үнін ұлықтаған ұлы елім,
Ана әлдиін шығармаған санадан.
Биік тұттық баршылықты байлықты,
Қаққандар көп қалтамызды, «шайлықты».
Қайда жүрсің ел үмітін ақтайтын,
Қазақ күткен,арманына сай мықты!
Жаңа менен ұштастырсақ көнені,
Қайран баба аңыз толғар келелі.
Менікі елім,сарқылмайтын үміт қой,
Әйтседе ойым,…болашаққа сенеді!
2021 жыл