Білімнің берік баспалдағы

Бүгінгі таңда қосымша білім беру саласының балалардың жан-жақты дамуына айрықша ықпалының бар екендігі іс жүзінде дәлелденіп келеді. Қосымша білім алу арқылы оқушылар бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік алады. Сондай-ақ, өмірдің ең маңызды мәнін ұғынуына, өзінің қалаған жолын табуына түрткі болады.
Осыдан үш жыл бұрын Ырғызда жеке кәсіпкер Ләззат Толықбаеваның басшылығымен «Pro.Education» оқу орталығы жұмысын бастаған еді. Ұстаздық қызметте ысылған кәсіпкер аз ғана мерзімде оқу орталығының жұмысын жүйелі жолға қоя білді. Орталыққа түрлі пәндер бойынша білікті ұстаздар қызметке тартылып, балалардың интеллектуалдық ой-өрісінің дамуына орай білім беретін орынның заманауи үлгіде көрнекті техникалық құралдармен жабдықталуына басты назар аударылды.
Алғашқыда жұмысын жалға алған ғимаратта бастаған кәсіпкер жан-жақты ізденістердің нәтижесінде мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігімен, демеушілік қолдаумен қаржы көздерін тауып, оқу орталығын дербес орынға көшірді. Өзі сатып алған жеке ғимарат заманға сай үлгіде жөндеуден өткізіліп, әр пәнге лайықты кабинеттер жасақталды. Ләззат Кенжеғалиқызының анасы, ұзақ жылдар бойы мектепте ұлағатты ұстаз болған Бердібике Дүйсенбайқызы Есназарованың есімін иеленген оқу орталығында оқушылардың жеткілікті білім алуына мүмкіндік жасалған.
«Pro.Education» оқу орталығында жоғары сынып оқушыларына физика, химия, математика, ағылшын, орыс тілі пәндері бойынша сабақтар өткізіледі. Осында білім алған түлектердің сексен пайызы ұлттық бірыңғай тест сынақтарынан сүрінбей өтіп, түрлі оқу орындарына грантпен түседі. Бастауыш сынып оқушыларына үй тапсырмаларын орындауға көмек беріліп, көркем жазу, әдебиеттік оқу, математика пәндерінен жан-жақты оқытылады. Биылғы жылдан бастап оқу орталығында оқушыларды журналистика , кәсіпкерлік бағыттарына бейімдеу үшін арнайы пәндер енгізілді. Бүгінде ұжымда он бес тәжірибелі ұстаздар сабақ беріп, 200-ге жуық оқушы білім алуда.
Оқу орталығында мемлекет тарпынан көрсетілетін тиісті жеңілдіктер пайдаланылады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 381 бұйрығы негізінде 60 оқушы тегін оқытылады. Сондай-ақ, орталыққа Ақтөбе облысының еңбек мобильділігі орталығымен жасалған шарт бойынша үй тазалаушы, күзетші мамандары жұмысқа тартылды.
Шәкірттердің білім саласында алған жетістіктері ұстаздар еңбегінің жемісі екендігін атап айту ләзім. Орталықта бастауыш сыныптарды оқытатын ардагер ұстаз Әжмағанбетова Даржан, Назарқызы Дәмегүл, Ешпанова Айгүл, орыс тілі пәнінен сабақ беретін педагог-зерттеуші Шағанова Қаламқас, Ғабсаттар Хұсни, Берікқызы Раушан, ағылшын тілі пәні ұстаздары Нұрмаханов Қайыржан, Житомирұлы Данияр және басқалары өз істерін жете меңгерген мамандар деп сеніммен айтуға болады.
Осы оқу орталығында жоғары жоғары сынып оқушылары жаратылыстану бағыттары бойынша физика, химия, математика курстарына келіп қатысып, жақсы жетістіктерге ие болды. Атап айтқанда, бірқатар оқушылар Республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен облыстық сайысқа жолдамалар алды. Педагог-модератор Алтынбекқызы Мөлдірдің жетекшілігіндегі курста химия пәнінен Нұртаза Асылайым аудандық кезеңнен 1-орын иеленіп, облысқа жолдама алса, аудандық кезеңнен 3-орын алған Төрежан Назира республикалық Ауыл олимпиадасының облыстық кезеңінде де осы жетістігін қайталады.
10 сынып оқушылары Әділбек Нұрасыл мен Сқақ Аяулым 10-11 сыныптар үшін өткізілген Зерделі ақыл-ой дамыту орталығының математикалық олимпиадасында екеуі де бірінші орын иеленді. Ал, «Алтын сақа» математикалық олимпиадасында 6 сынып оқушылары Бимұрат Жанатбек пен Қуанышбай Әл-Сабыр аудандық кезеңнен 1-орынға шығып, облыстық бәсекеге жолдама алды. Математика курсының жүргізушісі педагог-модератор Фазылбекұлы Зейінбектің шәкірттері осылайша өздерінің білім деңгейін жақсы жағынан көрсете білді. Педагог-сарапшы Сәрсенбаева Гүлнұрдың шәкірті, 2 сынып оқушысы Төлебай Айша «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында 1 дәрежелі орын иеленді. Білім көкжиегіне бет бұрған шәкірттердің қол жеткізген жетістіктеріне басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады.
Оқушылардың ата-аналарымен байланыстың тұрақтылығын қалыптастыру бағытында оқу орталығында «Ашық есік күні» өткізіліп тұрады. Мерекелік күндерде оқу орталығында ұйымдастырылатын шараларға ата-аналар да шақырылады. Орталықпен тығыз байланыс жасап, белсенділік танытқан ата-аналарды марапаттау үрдіске айналған.
Ұжымда «Нәтижеге бағытталған орталық» апталығы жыл сайын өтеді. Осы шара аясында 1 сынып оқушыларына арналып ұстаздар Айгүл Кеңшілікқызы мен Еркеназ Қалдыбайқызы «Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауға көмектес» атты танымдық шараны, 2-3 сынып оқушыларына Гүлнұр Ақылбекқызы, Жанат Қуанышбайқызы сынды ұстаздар «Ұшқыр ой алға жетелейді» тақырыбындағы зияткерлік сайысты қызықты да мазмұнды ұйымдастыра білді.
Орталықтағы ұстаздардың шәкірттерге білім мен тәрбие берудегі жұмыс жоспарлары пысықталып, осы бағытта жиналыс, семинар өткізу күн тәртібіне қойылған. «Жетістікке бағытталған оқу орталығы» атты семинар осындағы мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы бағытында өткізілді. Педагог-зерттеуші, орыс тілі пәнінің мұғалімі Қаламқас Шағанованың «Оқытуда графикалық органайзерлерді қолдану әдістері» тақырыбындағы баяндамасы әріптестерінің қызығушылығын тудырды. Осындай шараны алдағы кезеңде де өткізу белгіленген.
Қазіргі кезеңде жан-жақты ізденістерімен ілгері ұмтылып, жаңа идеяларды нақты іс жүзіне асырғандар алға озады. «Pro.Education» оқу орталығының директоры Ләззат Толықбаева өзі басшылық жасайтын ұжымның жұмысын заманауи үлгіде, жаңа талаптар деңгейінде дамытуға күш салуда.
Марат Мырзалы.