Жолдау – 2024-ті іске асыру: азаматтарға арналған цифрлық сервистер – қолайлылық, жеделдік және ашықтық

Цифрлық трансформацияның нәтижелері Қазақстанның даму қарқынын айқын көрсетеді. Мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн қолжетімді болуы – озық елдерге тән көрсеткіш. Бұл үрдіс қоғамдағы ашықтықты арттырып қана қоймай, мемлекеттік аппараттың жедел әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Бұрынғыдай ұзақ кезектер мен артық құжат айналымы азаматтардың мазасын алмайды. Мемлекеттік қызмет көрсету уақытының 20 есеге қысқаруы – қарапайым халық үшін ең үлкен жеңілдік. Сонымен бірге, бизнес субъектілері де артық шығындардан құтылып отыр. 51,3 млрд теңгелік жалпы тиімділік – осы реформалардың жемісі екенін айғақтайды. Цифрландырудың тағы бір артықшылығы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің азаюы. Электронды форматта әрбір транзакция тіркеліп, бақылауға алынады, бұл заңсыз әрекеттерге мүмкіндік бермейді. QazTech ұлттық платформасы цифрлық өнімдерді жылдам жасау арқылы мемлекеттік органдардың жұмысын заманауи деңгейге көтерді. Бұл – Қазақстанның технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге жасалған нақты қадам. Еліміздің әлемдік рейтингте жоғары орындарға шығуы – халықаралық қауымдастық тарапынан да оң бағаланып отыр. Мұның бәрі «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы нақты нәтижелердің бірі екені сөзсіз.

Әлішер Тыныштық, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы