Жастарды қолдау – болашаққа салынған инвестиция

Елімізде іске асып жатқан «Дипломмен ауылға» жобасы – маңызы ерекше жоба. Ауылдық аймақтардағы кадр тапшылығы – көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Міне, осы түйткілді шешудің бір жолы ретінде мемлекет жас мамандарға нақты қолдау көрсетіп отыр. 2009 жылдан бастап 114 мыңнан астам жас маман көтерме жәрдемақы алса, 52 мыңнан астамы жеңілдікті несие арқылы баспаналы болыпты. Бұл сандардың артында мыңдаған тағдыр, ауылға табан тіреген жастардың өмірлік таңдауы тұр.
Әрине, бір реттік қаржылай көмек немесе тұрғын үйге жеңілдетілген несие – тек материалдық қолдау ғана емес, ол жас мамандарға деген сенімнің белгісі. 100 АЕК көлеміндегі жәрдемақы, 2500 АЕК дейінгі несие – ауылға баруды ойлап жүргендер үшін маңызды ынталандыру. Себебі ауылға барған жас тек өзіне ғана емес, сол жердегі бүкіл қауымға жаңа серпін әкеледі.
Осы тұрғыдан алғанда «Дипломмен ауылға» жобасы – ауылдың болашағына салынған инвестиция. Жастар барған сайын мектептердің, ауруханалардың, мәдениет үйлерінің жұмысы жанданады. Жаңа идеялар, жаңа көзқарастар ауылдың дамуына ықпал етеді. Демек, бұл бағдарлама жай ғана әлеуметтік көмек емес, ауылды сақтап қалудың, оны дамытуға күш қосудың нақты жолы деуге болады.
Мырза Отаров, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы




