Ырғызға бөгет салынады

Ырғыз ауылында бөгет салынып, су бұру құрылғылары жөнделді. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың Ырғыз ауданына жұмыс сапары кезінде айтылды.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстармен танысты. Ырғыз ауылында орналасқан бөгет көктемгі тасқын мен маусымдық су басудан елді мекенді қорғауы тиіс. «BNB Stroy Group» ЖШС мердігерлік ұйымы ұзындығы 3,6 шақырым, биіктігі үш метрді құрайтын бөгетті салып бітірген. Жұмыстар былтыр қазан айында басталып, биыл қаңтарға дейін жалғасқан. Жобаның жалпы құны – 217,3 млн. теңге деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Бұл – бүкіл аудан үшін стратегиялық маңызды нысан. Бөгеттің арқасында Ырғыз ауылындағы алты мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл тек үйлер мен инфрақұрылымды қорғау ғана емес, бұл – халықтың ертеңгі күнге деген сенімі мен тұрақтылығының кепілі»,
– деді облыс әкімі нысанды аралау кезінде.
Айта кетейік, былтырғы тасқыннан кейін Ырғыз ауданында Жайсаңбай, Құйлыс, Белшер, Мамыр және Құтикөл ауылдарында су шаруашылығы құрылыстарын салу туралы шешім қабылданған. Бұл шаралар елдімекендердің су тасқынына қарсы тұрақтылығын жүйелі түрде арттыруға және өмірлік маңызы бар инфрақұрылымды қорғауға бағытталған.