Президент: Біздің этникалық әралуандылығымыз — стратегиялық артықшылығымыз
Алмағайып заманда стратегиялық бағдарға сай әрекет ету — Қазақстан халқының алдында тұрған аса маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында осындай пайым айтты.
— Кейбір мемлекет үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз. Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік — мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген біртұтас ұлт екенін атап өтті.
— Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз, — деді Тоқаев.
Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр. Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».
Осыған дейін Президент әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алатынын айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайтынын атап өтті.