ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: құрамы жаңарды, отырыстары өтті

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық Кеңестер туралы» Заңына сәйкес Ырғыз аудандық мәслихатының өкімімен Ырғыз ауданының Қоғамдық кеңесі жаңа құрамда құрылды. Жуырда мәслихат төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Марат Тұрымовтың басшылығымен өткен жиында Кеңестің отырысында ұйымдастыру мәселелері қаралды. Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасы сайланды. Төрағалыққа — Қосаяқов Көптілеу Әбдірашұлы тағайындалса, хатшылығына — Ханым Әлібиқызы бекітілді.

Сонымен бірге, кеңес төралқасы сайланып, міндеттері белгіленді. Кеңес отырысына қатысқан Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев осы уақытқа дейін қоғамдық кеңеске 6 жылдай төрағалық еткен Айтбай Бейсенбайұлының қызметіне алғысын білдірді.

Қоғамдық кеңестің мүшелері кеңес жұмысын жандандыру, аудан тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген мәселелерді кеңес отырысында уақытылы қарап, жергілікті атқарушы органға ұсыныстарын жеткізу, қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру мәселелеріне байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес туралы Ереже мен жұмыс жоспары талқыланды…

Жоспарға сәйкес,  Қоғамдық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібінде Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары А.Уәлидің «Ауданда су тасқынына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы», Ырғыз аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызмет бөлімінің бастығы, полиция майоры Н.Сырымбетовтың «Аудан бойынша құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы», Ырғыз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқарма басшысының міндетін атқарушы А.Ыбыраевтың «Аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының атқарған жұмысы және жұқпалы тұмау вирустарына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы», Ырғыз аудандық орталық ауруханасының ұйымдастыру әдістемелік бөлім меңгерушісі А.Есқаринаның «Аудандық аурухананың медициналық қызметті ұйымдастыруының жайы және жұқпалы тұмау вирустарына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы» хабарламалары тыңдалды.Күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге орай кеңес мүшелері Г.Шамиева, Р.Ұзақбаев, С.Байжиен, Н.Таңқаевтар сұрақтар қойып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Отырысты кеңес төрағасы К.Қосаяқов қорытындылап, кеңес отырысы арнайы қарар қабылдады.

 «Ырғыз-ақпарат»