АСЫҚ ОЙНАҒАН ҒАРЫШБЕКТІҢ ЖЕҢІСІ

Шымкент қаласында Асық атудан еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең үздік асықшылардың қатысуымен “Respulica” турнирі өтті.

Осы турнирге қатысқан жерлесіміз Ғарышбек Нұрабекұлы Құлыбек нағыз сұрмергендер жиналған бәсекеде оза шауып, темір тұлпарды қанжығасына байлады. Осылайша, Ғарышбек “Асық ойнаған озатынын” спорттағы  тынымсыз еңбегімен дәлелдеді.

Ғарышбек – “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ сұйылтылған газды тиеу және тіркеу инженері болып қызмет атқарады. Ұлттық асық спортына ден қойған жас спортшы бұған дейін де бірқатар республикалық жоғары жетістіктерге жетті. Ақтөбе қаласында алғаш рет өткен «Алаш сақасы» турнирінің күміс жүлдегері.

Құрылғанына 3 жыл ғана болған облыстық Асық ату федерациясы үшін де, ырғыздықтар үшін де бұл үлкен жеңіс! Төгілген маңдай тер, адал еңбек ақталды. Чемпионды Ақтөбеде федерация басшылығы, бапкерлері және Ырғызда жерлестері ерекше салтанатпен күтіп алды.

Ғарышбектің жеңісі құтты болсын, жерлестер!

«Ырғыз-ақпарат»