ТЕЛЕКОМ-ның жігіттері… Жігіттердің төресі !…

Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Қоғамның қай саласын алып қарасақ та, ел игілігі үшін қызмет жасап жатқан қарапайым жұмысшы-қызметкерлер аз емес. Біздің ауданымызда да еңбек адамына құрмет бар. Себебі, олар құрметке лайықты жандар!..
Қазақстанның байланыс саласына көптеген жылдар қызмет етіп келе жатқан іргелі ұжым – «Қазақтелеком» АҚ-ның әр аудандығы бөлімшелерінің жұмысын ел біледі. Кезінде «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» қос құлақты телефонның игілігін бәріміз көрдік қой. Қазір заман технологиясы қарыштап дамып, интернет пен ұялы телефонға бағынышты боп, сол ескі телефонды пайдаланбаймыз. Бірақ дыбысы әлі құлақта қалған…
Ырғыз байланыс саласына көптеген ел аға-апаларының еңбегі сіңді. Әрісін айтпағанда, бергі уақытта Есімбаев Атыбар, Өтемұратов Мырзалы, Досекешов Амантай, Аманқұлов Жұмабек сынды басшылықта болған ағаларымыздың еңбек жолдары көпке үлгі.
Сол ұжымның еңбек үрдісін қазірде «Қазақтелеком» АҚ Ырғыз желілік учаскесінің басшысы, жас маман Айтжанов Бақытжан басшылық жасап отырған ұжым жалғастырып келеді. Табиғаттың ыстық-суығында күш-жігерін сала жұмыстар атқарып жүрген жігіттердің бөліп алары жоқ. Интернет желілерін монтаждау, монтерлық жұмыстар мен тағы толып жатқан техникалық қызметтерді атқаратын мамандар өз ісінің шеберлері, жұмыстарына адал қашанда. Елде болған пандемия, су тасқыны сияқты төтенше жағдайлар кезінде байланысшы жігіттер асқан табандылықпен еңбектенді. Ал, ішкі жұмыстарды үйлестіріп отырған мекеме қыздары – Аманқұлова Сания, Каниева Гүлбағдаттар өте тәжірибелі мамандар. Өмір ағымына қарай ұжым жастармен толығып келеді. Үлкендер қызметтерін атқарып, кейінгі буынға бата-жолын беріп жатыр. Соның бірі, ауданның байланыс саласына қырық жылдай өлшеусіз қызмет жасаған елдің азаматы Үдербаев Бақытқали әріптестерін жуырда ұжым болып зейнет демалысына шығарып сап, құрметтеді. Үлкендердің ізін басқан Әуезханов Талғат, Түкібаев Еркін, Неталин Серік, Ермаханов Қайыржан, Қосжанов Қанат сынды азаматтар қазірде әріптес інілерге ақылшы жандар. Олардың да жұмыс өтілдері отыз жылдан асқан. Ал, ат тұяғын басқан інілер – Нұрлан, Ерсайын, Ринат, Андрей, Мақсаттар жұмыстарына берік, істеріне мығым жігіттер. Мекеме күзетшілері – Жүсіпбек, Сәкен, Жазықбектер тәртіп пен тыныштықты қатаң сақтайды.
Қарапайым еңбек адамдарына бұрған аз-кем назарымыз арқылы бір ұжымның еңбегі мен ауызбіршілігін көрсетуді мақсат тұттық. Еңбегін ескеріп, жігіттерге жігер беріп, жұмыстарына сәттілік тіледік!
Руслан Ұзақбаев,
«Ырғыз» газетінің тілшісі