Жарқын болашақ бүгінгі таңдауымызға байланысты

Биылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Себебі әрбір азамат өз таңдауын жасау арқылы елдің алдағы даму бағытына өзіндік үлесін қоса алады.

Менің ойымша, бүгінгі таңда қоғам үшін ең маңызды мәселелердің бірі – әділдік пен заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Әділ қоғам қалыптастыру үшін әр азаматтың құқығы қорғалып, оның пікірі ескеріліп, заң алдында барлығының жауапкершілігі бірдей болуы қажет. Бұл бағытта саяси партиялардың нақты ұстанымы мен халық алдындағы жауапкершілігі ерекше мәнге ие.

Әділдік дегеніміз тек заң талаптарын сақтау ғана емес. Ол – білім алуға, еңбек етуге, өз қабілетін жүзеге асыруға, сапалы мемлекеттік қызмет алуға және қоғам өміріне белсенді араласуға тең мүмкіндік жасау.

Еліміздің болашағы – білімді, еңбекқор, жауапты және отаншыл азаматтардың қолында. Сондықтан Құрылтай құрамына халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алатын, заңды құрметтейтін және өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың келуі маңызды деп санаймын.

Әсіресе білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты, ауыл мен өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері қоғам үшін әрдайым өзекті. Осы бағыттарда халықтың нақты ұсыныстары мен мәселелері Құрылтай жұмысының күн тәртібінен лайықты орын алуы тиіс.

Меніңше, мықты мемлекет құрудың негізі – заңға құрмет, әділдік, бірлік және жауапкершілік. Осы құндылықтарды қоғам өмірінде орнықтыруға бағытталған бастамалар елдің тұрақты дамуына оң ықпал етеді.

23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – әр азаматтың ел болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды мүмкіндік. Сондықтан сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауымызды саналы түрде жасау – баршамызға ортақ азаматтық міндет.

 

Бекназарова Дүрия Әлібиқызы

Т. Шонанұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің  мұғалімі