Құрылтай-елдік мәселелер талқыланған алаң

Құрылтай — халықтың атынан өкілдік ететін, ел үшін маңызды заңдар мен шешім қарайтын мемлекеттік орган. «Құрылтай» атауы қазақ халқына ежелден таныс. Ата-бабаларымыз ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді хан, сұлтан, би, батырлар мен ел ағаларын жинап, кеңесе отырып шешкен. Оның негізгі мәні де — ақылдасу, ортақ пікірге келу, ел бірлігін сақтау.

Бүгінгі Құрылтайдың қызметі заман талабына сай заңмен белгіленген. Оның құрамы халықтың дауысымен сайланады. Осы жерде әр азаматтың таңдауы маңызды. Себебі сайлау — халықтың атынан ел ісіне араласатын өкілдерді таңдауға берілетін мүмкіндік.

Халық пен депутат арасындағы байланыс сайлау күнімен ғана шектелмеуі керек. Депутаттар елдің мұң-мұқтажын тыңдап, халықтың ұсынысы мен пікірін ескеруі қажет. Ал халық өз кезегінде сайлауға жауапкершілікпен қарап, өз таңдауын саналы түрде жасағаны дұрыс.

Кейде «Бір адамның дауысынан не өзгереді?» деген пікірлер айтылады. Мен бұл оймен келіспеймін. Әрбір дауыс — маңызды. Өйткені әр дауыс жалпы халықтың таңдауына әсер етеді. Сайлау нәтижесінде халықтың сеніміне ие болған азаматтар ел басқару ісіне қатысып, қоғам алдындағы жауапкершілікті мойнына алады.Сенім бар жерде жауапкершілік те бар. Бүгінгі таңдау — ертеңгі шешімдерге әсер етеді.

Ел болашағын халық пен мемлекет бірлесіп қалыптастырады. Ал бұл жұмыстың бастауы — саналы таңдаудан. Халықтың дауысы ескеріліп, сайланған өкілдер өз міндетін адал атқарса, қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс та нығая түседі.

Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қанатты сөз бар. Бұл сөздің бүгінгі қоғам үшін де мәні зор. Ел бірлігі берік, қоғамы тұрақты, азаматтары белсенді мемлекет қана алға нық қадам баса алады.

Сондықтан Құрылтай сайлауы — жай ғана дауыс беру емес, бұл — ел ертеңіне бейжай қарамай, өз таңдауымыз арқылы ортақ болашаққа үлес қосу мүмкіндігі.

Нұри Таңқаев, «Ырғыз» кредиттік серіктестігінің төрағасы