«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында Ырғыз ауданының Нұра ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.


Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған бұл нысан ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет мүмкіндік береді.
Медициналық нысанның ашылу салтанатына Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, «AMANAT» партиясы Ырғыз аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айымгүл Оразымбетова, аудан прокуроры Арман Орынбасарұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шараны ашқан аудан әкімі өз сөзінде жаңа медициналық пункттердің ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті.
-Республика күні қарсаңында Нұра ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылғалы отыр. Медициналық нысан заман талабына сай заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Сондай-ақ өткен жылы аудан орталығына науқастарды жедел жеткізу үшін жаңа техника берілді. Бұл жұмыстар шалғай елді мекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсер етеді деп сенеміз, – деді аудан әкімі.
Өз сөзінде Айымгүл Оразымбетова «AMANAT» партиясы үшін ауылдық жерлерде денсаулық сақтау нысандарын дамыту басым бағыттардың бірі болып қала беретінін және бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты.
-Ауылдық жерлердегі әлеуметтік жағдайды жақсарту партия үшін маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Соның ішінде тұрғындарға бастапқы медициналық көмектің қолжетімді болуы ерекше назарда. Осы мақсатта ашылып отырған жаңа медициналық пункттер қабылданған шешімдердің іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл нысандар елді мекен тұрғындарына дер кезінде медициналық қызмет алуға жағдай жасап, олардың денсаулығын қорғауға бағытталған, – деді ол.
Жаңадан ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи талаптарға сай салынып, медициналық қызмет көрсетуге қажетті барлық жабдықпен толық қамтылған. Сонымен қатар нысан санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға толықтай сәйкес келеді. Медициналық мекемеде бір дәрігер, үш мейірбике және бір шаруашылық қызметкері тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Ырғыз ауданында биыл 2 медициналық нысан пайдалануға берілді.




