Полиция департаменті ескертеді: ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған

Полиция департаменті ұлтаралық араздықты қоздыру — әртүрлі этностық және ұлттық топтар арасында өшпенділік, жеккөрушілік немесе алауыздық тудыруға бағытталған әрекеттер екенін еске салады. Мұндай әрекеттерге үгіт-насихат жүргізу, экстремистік мазмұндағы әдебиеттерді тарату, сондай-ақ халықтар арасында араздықты қоздыратын кез келген қоғамдық немесе интернеттегі мәлімдемелер жатады.
Әсіресе әлеуметтік желілердегі арандатушылық сипаттағы жазбалар мен пікірлерге ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыс болып саналады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін 2 жылдан 7 жылға дейін, ал ауыр зардаптарға әкелген жағдайда 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Полиция департаменті азаматтарды асығыс және жауапсыз қоғамдық мәлімдемелерден бас тартуға, сондай-ақ еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтауға белсенді түрде үлес қосуға шақырады.