Омбудсменнің 2024 жылға арналған жыл сайынғы баяндамасы жарияланды

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2024 жылы атқарған қызметі туралы жыл сайынғы баяндамасы жарияланды. Құжатта адам құқықтары саласындағы негізгі проблемалар, келіп түскен өтініштер мен қабылданған әрекет ету шаралары жөнінде ақпарат берілген. Сондай-ақ елдегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жағдайын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған ұсынымдар қамтылған.

Баяндамадағы дерекке сәйкес, 2024 жылы Уәкілдің атына 6 748 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 16,9%-ға артық. Ең көп көтерілген мәселелердің қатарында – сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекеттеріне шағымдар, сотталғандардың құқықтарының бұзылуы және сот актілеріне келіспеушілік бар.

Өтініштерді қарау нәтижесінде 97 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 5-уі әкімшілік жазаға тартылды. Төрт жағдайда қылмыстық іс қозғалды.

Құжатта денсаулық сақтау құқығының бұзылуына қатысты шағымдардың 2,5 есе өскені атап өтілген. Азаматтар медициналық қызмет сапасының төмендігіне, медицина қызметкерлерінің салғырттығына, емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қиындықтарға шағымданған.

Сонымен қатар, азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттерге қатысты шағымдардың саны 30%-ға азайғаны көрсетілген. Бұл мәліметтер прокуратура органдарының ресми статистикасымен де сәйкес келеді. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар АҚШ, Еуропа Кеңесі, Еуропалық одақ және БҰҰ сынды халықаралық ұйымдардың оң бағасына ие болды.

Баяндаманың жеке тарауы қоғамның осал топтарының құқықтарына арналды. Балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар саны 2,5 есе, әйелдерге қатысты – екі есеге жуық өскені байқалады.

Білім беру саласына қатысты өтініштер де 2,5 еседен астам артқан. Жүгінушілер буллинг фактілері, қорғаншылық органдарымен туындаған дау, сондай-ақ көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды мамандандырылған білім беру мекемелеріне қабылдау квоталарын қайта қарау туралы мәселелерді көтерген.

Баяндамада Омбудсменнің араласуы арқылы азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген нақты мысалдар бар. Атап айтқанда, заңсыз салынған айыппұлдардың күшін жою, қылмыстық тергеулердің басталуы, тергеу әрекеттерінің жандандырылуы, мүгедектігі бар азаматтарға тиесілі төлемдердің қайта тағайындалуы сияқты нәтижелер көрсетілген.

Құжатта алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінген. 2024 жылы Уәкіл мен оның өкілдері жабық мекемелерге 800-ге жуық мониторингтік бару жүргізді. Олардың шеңберінде бас бостандығынан айырылған адамдардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу және жазаны жеңіл түрлерімен ауыстыру тәрізді құқықтарының сақталу мәселелері қарастырылды.

Баяндамада ғылыми-талдамалық жұмыстың нәтижелері мен заңнаманы және оны қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар да қамтылған. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға кедергі келтіретін құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған 20-дан астам ұсыныс әзірленген.

Баяндаманың толық нұсқасы ресми интернет-ресурста жарияланған:

https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman/documents/details/825810