Биыл 5 ауылішілік жол жөнделеді
Ырғыз ауылындағы 5 ауылішілік жол биыл жөндеуден өтеді. Бұл туралы аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі түсіндіріп берді.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Ырғыз ауылында жалпы ұзындығы 33,3 шақырым ауылішілік автомобиль жолы бар. Оның 17,3 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Биыл тағы 4,4 шақырымына толықтай асфальт жабындысы салынады деп хабарлады аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Нақтырақ айтқанда Шонанов, Абай, Әйтеке би, Арал, Астана көшелеріндегі тас жолдар жөндеуден өтпек. Осы 5 көшенің құрылыс жұмыстары жоспарға сай биыл мамыр айында басталады. Құрылыстың жұмыс жобасы үшін байқау жарияланып, мердігер “NTiger” ЖШС жеңімпаз атанған.
Жобаның іске асырылу уақыты тамыз айында деп көрсетілген. Келісім шарт сомасы – 573 720 356.03 теңге. Былтыр аталған сомманың 95 634,2 мың теңгесі бөлініпті. Аталған қаражатқа газ құбырларын қорғаушы трубалар орнатылып, Шахин көшесіне толықтай асфальт жабындысы төселген. Жобаны “NOVAT STROY” және “Нұр Жол Проект” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қадағалайды.