Мемлекет басшысы: «Елімізде азаматтар бір-біріне «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуі тиіс»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында осылай деді. Бұл туралы Ақорданың ресми парақшаларында жарияланды.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ел Президенті сессияда: «Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқиды. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз»,-деді.
Сонымен қатар халық татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылатынын баса айтты.
Айта кетейік, Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, елдің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр. Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескереді. Сессиялар аралығындағы жұмысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді.
«ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде».Этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиция институтына тоқталғым келеді. Соңғы уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.