ӘНШІ НҰРЛАН ШВЕЙЦАРИЯДА ӘН САЛАДЫ!..

Ырғыз – өнер мен мәдениеттің киелі мекені. Талай дарынды тал бесікте тербеткен атамекеннен шығып, Қазақты әлемге мойындатқан тұлғалар аз емес!.. Қазақ мәдениетін өрге сүйреген Темірбек Жүргеновтің жолы жалғаса беретіні сөзсіз…
Тағы бір тамаша жаңалық сүйіншіленіп жатыр!
Таңдайына бұлбұл ұя салған ырғыздық жыршы-термеші Нұрлан Әбдібеков жуырда әріптестерімен бірге гастрольдік сапарға Швейцарияға аттанды! Бұл жолғы сапарында Еуропаның төрінде қазақ әнін құйқылжытып, сондағы жұртты тамсандырып қайтпақ. Берн, Женева секілді ірі қалаларында төрт бірдей концертке қатысып, сахнасында ән шырқайтын болады.
Осыдан жиырма жылдай бұрын ырғыздық Қоянбай Тобағабылов Париждің төрінде өнер көрсеткен-ді. Әнші Нұрлан бірер жыл бұрын Үндістанға сапарлап та қайтты. Бұл жолы Альпі тауларының арасында орналасқан алып мемлекеттің төрінде қазақ өнерінің асқақтығын көрсететін болады. Өзі айтқандай Аманкөлдің ақшағыл құмында аунап өскен қарадомалақ бала Еуропаны шарлайды, ән болып самғайды! Мақтануға, қолдауға тұрарлық жаңалық. Ырғыздың әрбір перзентіне ақ жол тілейік!..
«Ырғыз-ақпарат»